Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Әскери оқытылған резерв дайындау: Қорғаныс министрлігі 2013 жылдың қорытындысын шығаруда

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери оқытылған резерв даярлау жөніндегі жұмыс жалғасуда. Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында әскери міндеттілерді даярлаудың тағы бір кезеңі аяқталуда.

«Спасск» оқу-жаттығу орталығында 100-ге жуық адам әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі жиынды аяқтауда. Осы уақытқа дейін қандай да бір себептермен әскерде қызмет етпеген жасы 27 толған азаматтар бір айлық жиынға шақырылды. Олардың ішінде түрлі мамандық пен кәсіп иелері бар. Жиыннан өту кезеңінде олардың жұмыс орындары сақталып, мемлекет есебінен айлық орташа жалақылары төленеді.

Бұл осы оқу орталығында жыл басынан бері өткізілген тоғызыншы жиын. 2013 жылы осы оқу-жаттығу орталығында Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Қостанай облыстарынан және Астана қаласынан келген әскери міндеттілер даярлықтан өтті. «Спасск» оқу-жаттығу орталығындағы резервшілерді даярлау атқыш, пулеметші, гранатаметші мамандықтары бойынша даярлау жүргізіледі.

Бір айлық даярлық бағдарламасы бойынша бастапқы әскери даярлық аясында әскери істің әліпбиімен теориялық таныстыру жүргізіледі. Содан соң жиынға шақырылған азаматтар ант қабылдауы тиіс. Жиын барысында әскери міндеттілермен тактикалық, инженерлік, мемлекеттік-құқықтық даярлық, дене және атыс даярлығы бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізіледі.

Даярлық бағдарламасында барлық зерделенген пәндер бойынша сынақ тапсыру көзделген. Даярлық аяқталған соң әскери міндеттілер әскери жиыннан өткені туралы куәлік алады, бұл оларға келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдану құқығын береді.

2013 жылы 5 оқу-жаттығу орталығының базасында 8000-нан астам республика азаматы, соның ішінде 300-ге жуық офицер жиыннан өтті.

Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштердің 40 әскери бөлімі мен мекемесінің базасында барлығы 6000-ға жуық әскери міндеттіні, соның ішінде 300-ге жуық офицерді даярлау, қайта даярлау және олардың әскери білімдерін жетілдіру жөніндегі жұмысты ұйымдастырды.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
493

Осы тақырып бойынша