Әскери міндеттілер оқуға кірісіп кетті
Ақтау гарнизонындағы ҚР ҚК Әскери-теңіз күштеріне кіші мамандар даярлайтын «Оймаша» оқу орталығының базасында әскери міндеттілерді әзірлеудің кезекті сабақтары басталып кетті.
Жиынға Ақтөбе облысының аудандарынан 27-30 жас аралығындағы бұған дейін әртүрлі себептермен әскери қызметін өтей алмай қалған 50 әскери міндетті тартылып отыр.
Әскери ант қабылдағаннан кейін жиынға келген азаматтар бір ай бойы әскери істің қыр-сырымен танысып, әскери техника мен қару-жарақтың материалдық бөлігін оқып үйреніп, оны ұрыста пайдалана білуге дағдыланады, дене тәрбиесімен айналысады. Осыдан кейін барып оқыған сабақтары бойынша сынақ тапсыратын болады.
Жиын аяқталған соң әскери міндеттілерге сертификаттар тапсырылып, қатардағы жауынгер және сержант атақтары беріледі.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
