Әскери аэродромда қайта жаңғырту жұмыстары басталды
Әуе қорғанысы күштерінің Талдықорған қаласындағы авиабазасында әскери аэродромды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Күрделі жөндеу жұмыстары ұшу-қону жолағынан тұратын ұшу алаңына, ұшақтар мен тікұшақтар тұрағына жасалатын болады.Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында пайдалануға берілген ұшу-қону алаңына осы уақыт аралығында тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Толық қайта жаңғырту жұмыстары алғаш рет жүргізіліп отыр. Жөндеу жұмыстары барысында ұшу-қону алаңының жабындысы ауыстырылып, оның ұзындығы мен ені де ұлғаятын болады.
Сонымен бірге, бірқатар жаңа нысандар салынып, байланыс және электр желілері, темірбетонды қоршаулар ауыстырылады.
Аэродромға қондырылатын жаңа жарық техникалық құрылғылар күрделі ауа райы жағдайында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады.
Еліміздің Әскери әуе күштері қайта жаңғыртудан соң жаңа құралдармен жабдықталған, қауіпсіз ұшуды қамтамасыз ететін, сондай жауынгерлік қабілетті арттыратын аэродромға иелік етпек.
Қайта жаңғырту жұмыстары авибазаның жауынгерлік дайындық барысына кедергі келірмейді. Жөндеу жұмыстары кезінде жеке құрам мен авиациялық техника «Жетіген» аэродромына қоныс аударып, ұшқыштар мен жердегі қызмет жұмыстары тұрақты жағдайда жалғаса береді.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
