«Көктем-2013» әскерге шақыру науқаны да аяқталуға жақын. Сәуір айында басталған бұл шара бүгінгі күнге дейін жоспар бойынша жүзеге асырылды. Көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде армияға 15 мыңнан астам бозбаланы аттандыру жоспарланған. Оның жеті мыңнан астамы Қазақстан Қарулы күштерінің қатарын толықтырды. Ал қалғандары басқа әскери құрылымдарға Республикалық Ұланға, ҚР Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлеріне, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлеріне, Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдарына жіберілді.
Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы Заңына сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі рет өткізіледі.
Мерзімді әскери қызметке шақырылуға он сегіз бен жиырма жеті жас аралығындағы әскерге шақырылудан босатылмаған Қарулы Күштердің қатарын толықтыруға қажетті азаматтар шақырылады.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі