Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Шынжырды жіпше үзетін жігіт «тауды қозғалтпақшы» (ВИДЕО)

Күш атасын танымас дейді. Кәдімгі лом темірдің тас-талқанын шығаратын, шынжырды жіпше үзіп, тас шегелерді оп-оңай майыстыратын отандасымыз Сергей Цырульников туралы біраз ақпаратқа қанықпыз. Жалпы, Сергейдің адам таң қалатын «трюктерін» қазақстандықтар телеарналардағы жобалардан біле бастады. Қазір Сергей алыс-жақын шет елге әбден танылған. BNews.kz тілшісімен сұхбаттасқан Қазақстан Республикасы Гвардиясының офицері Сергей Цырульников өзінің өзге де жоспарлары туралы әңгімелеп берді.


- Сергей, Сіз расымен алып күш иесісіз? Әдетте, батыр болсын, балуан болсын, бала кезінен көзге түсе бастайды. Сіз осы қабілетіңізді қашан байқадыңыз?
- Бала кезімде ешқандай ерекшелігім жоқ еді, әдеттегі қатарластарым сияқты өстім. Бірақ, екі жыл бұрын мен жаңа бір жүйемен таныстым. Статистикалық жаттығулардың «Изометрика» деген жүйесі бар. Сол жүйедегі жаттығулармен танысып, соған шындап ден қоя бастадым. Шамамен алты ай уақыттан кейін жаттығуларымның алғашқы нәтижесін байқадым. Жалпы, бұл жүйенің әлемде баламасы жоқ. Өкінішке орай, Қазақстанда статистикалық жаттығуларға арналған жүйе онша қатты танылмаған. Менің ендігі жоспарым осы жүйені Қазақстан аумағында түгелдей тарату.

- Сонда бұл жүйеге қызығушылық қайдан оянды? Сіз ерекше күшке ие болғыңыз келді ме?

- Жоқ, мен адам организмінің қаншалықты күшке ие екенін, жалпы, адам күшінің ең жоғары мүмкіндіктерін білгім келді. Өзімнің бойымдағы күшті толық «ашып», ішкі жан дүниемнің ерік-жігерін дамытқым келді. Алдымен мен қарапаймы гимнастикалық жаттығуларды байқап көрдім. Расын айтайын, бірден осылай лом темірді майыстырып, шынжырларды үзген жоқпын. Мен қарапайым жаттығулардан бастап, сол жүйені кезең-кезеңімен орындап шықтым.

- Сізді халық «Қазақстан Ұлттық арнасынан» шыққан «Жұлдызды сәт» жобасынан кейін көбірек танып, өнеріңізге таң қалған соң, дауыс берді. Тіпті, сізді ақтық сынға дейін «алып барды». Бұл жобаға қалай тап болдыңыз?

- Бұл жобаның кастингі туралы естіп, басында аса ынта танытқан жоқпын. Бірақ, кейін барып көрейін дедім. Кастингке келіп, ағашқа шеге қадап көрсеттім де бірден бағдарламаға өттім. Бірақ, жоба мен ойлағаннан өте қызықты екен. Неше түрлі қызықты оқиғалар болды. Ақтық сынға дейін жеттім, бірақ, онда Арман деген жігіттің бағы жанып, бас жүлдені алды. Бірақ, жеңбегеніме қатты қуандым. Себебі, Арман мен мені салыстырыңыздар: ол жерде аяқ-қолы сау, тепсе темір үзетін мен арбаға таңылған азаматты жеңсем, қандай ұят болар еді?!

- Бұл сөзіңіз жанға жылы тиеді екен...

- Рахмет. Бірақ, расымен, Арманның сахнаға шыққаны, ән айтқаны бір жеңіс емес пе! Оның қасында мен қарапайым азаматпын. Осы жаттығуларды жасаған азаматтың кез келгені өз күшінің мүмкіндігін толық аша алады.

- Сонда адам бұл жүйенің жаттығуларына қанша уақыт бөлуі керек? Мысалы, Сіз, өзіңіз, күніне қанша уақыт жаттығасыз?

- Бұл жүйеде аптасына үш рет 40 минуттан дұрыс дайындалса, кез келген адам өз күшінің мүмкіндігін толық аша алады. Тек уақытында тиісті жаттығуды орындап отырса болды.

- Сергей, рекордтарыңыз туралы айтып беріңізші?

- Ия, күш сайыстары бойынша бірнеше рекордқа қол жеткіздім. Алайда, бұл Олимпиадалық спорт түрі емес. Жалпы, рекордтар не әлемдік рекорд, не Гиннестің рекордтар кітабына енетін рекорд болып бөлінеді. Мысалы, біреу ұзын шашымен, біреу жеген тамағымен рекорд орнатып жатады. Бірақ, ол олимпиадалық спорт түрі болмағандықтан, оған ақша да төленбейді. Керісінше, ондай адамдар Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін сарапшыларды шақыруға, өзінің жаңалығын дәлелдеуге кететін қаржыны өз қалтасынан шығарады. Менде де солай. Менікі әлемдік рекорд.

- Болашақта қандай жоспарыңыз бар?

- Болашақта мен «Изометрика» мектебін ашқым келеді және Қазақстанда осы жүйені әбден таныстырып, халыққа танытқым келеді. Бұл жүйе бойынша тек жастар ғана емес, кез келген адам шұғылданса, нәтиже шығады. Ауылда иығы қақпақтай жігіттер бар, бірақ, олар нақты бір жүйені, әдіс-тәсілді білмегендіктен, өзінің күшін толық таныта алмайды. Ал, осы жүйе бойынша жаттықса, тіпті тау «қозғалтуға» да болады. Сондықтан, алдағы мақсатым, арманым осы жүйе бойынша жастарды жаттықтырып, оларды биіктерге шығару. Тіпті, бұл жүйеге мемлекет тарапынан көңіл аудартқым келеді. Мен мектеп ашуға қажетті бүкіл тұжырымдаманы, жаттығулардың түрлері бойынша барлық анықтамаларды дайындап қойдым. Енді соның бәрін іске асыру керек. Қазір Мәдениет және спорт министрлігінен бір хабар күтіп отырмын. Мақұлдаса, басқа жұмыстарымның бәрін ысырап тастап, осы мектепті ашуға күш саламын.

- Арман-мақсаттарыңызға жетіңіз! Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ

0
0
1129

Осы тақырып бойынша

Шынжырды жіпше үзетін жігіт «тауды қозғалтпақшы» (ВИДЕО) - Yvision.kz