Шындығы басқа ертегі...
Уилл Смит, Эндрю Гарфилд, Джонни Депп, "Тачки" мен "Монстарлар". Қазақ болудың ендігі кезегі Анджлина Джолиге келді. Дәлірек айтқанда "қазақша" сиқыршы болады. Қазақша деуіміз артығырақ, ұлтына қарап бөлінген сиқыршыны кезіктірмедік. Бірақ, қазақ тілінде "сайрайтын" Голливуд актерлерінің тағы бір дүниесі келгені рас.
"Трансильваниядағы қонақ үй" , "Мегамозгты" көргендер үшін дәл бұлайша өрбитін сюжет алып бара жатқан жаңалық бола қоймауы да мүмкін. Дегенмен де адамдардың көзімен танып үйреніп қалған зұлым кейіпкерлердің "обьективті" автобиографияларын өздері баяндап берулері шын мәнінде ынтықтырады.

Актерлер құрамы сәтті таңдалған. Сұсты да сұлу Анджелин Джоли бір төбе десек, Аврора ханшайымның бала кезін сомдаған оның қызынан (иә, Анджелина Джолидің қызы Виньен Джоли-Питт) бастап, тыным таппаса да түк бітірмейтін үш періге дейін жақсы әсер қалдырады. Жеке көрермен ретінде Малифисентаның көмекшісі бола жүріп қарғадан қасқырға дейін айналған Диоваллды (Сэм Райли) атап өтер едім. Баяндаушының әңгімесінен бөлек Малифисента көмекшісі болған Диовалл ертегінің негізгі тұстарын айқындап отырды.

Сюжет соңына дейін нақтыланбағандығын, Стефан патша қызы Аврора желілерінің арасындағы сабақтастықтың байқалмауы деген кемшіліктерді ескермесек режиссер Роберт Стромбергті сәтті шыққан алғашқы еңбегімен құттықтап қою қажет.
Шымылдық ашылды. Менің ат терлетіп барудағы басты нысанам актерлер қалай сөйледі деген ой еді. Дубляждың қаншалықты сәтті шыққандығын айта алу үшін түпнұсқасын көрмедік, бірақ "сүйкімсіз неме" деп тұрған Анджелина Джолидің "тыңдаудың" өзі неге тұрады?
Малифисента-ертегі. Бұл жерде "Өрмекші Адамдағыдай" америкалық сленгті қазақша әдеби-көркемдікке айналдырамын деп бас қатырудың қажеті жоқ. Ертегі бәріне ортақ. Аударма жатық, дубляж актрисасы Күнсұлу Шаяхметова айтқандай «адами тілмен» жазылып шыққан. «Қор болған қазақ тілі» деп қайғыратындай қателіктерді байқай алмадық. Осы тұста дубляждың сандуғашындай болған, фильмде әңгімелеуші есебінде тыңдаған Күнсұлу Шаяхметованың үнін бөліп-жарып айтарлықтай.
Шынын айту керек, қазақша дубляжадғы басты интрига – Джолидің даусын кім сондар екен деген сұрақ та жатты. Анджелина Джолидің (сиқыршы болып қалыптасқан шағы) фильмдегі алғашқы репликасы "Менің жерімнен кетіңдер" деген ашулы айғайынан басталады (солай болуы керек). Гүлназ Әуесбаева ханымның Брэд Питтің жұбайымен қаншалықты таныс екендігін. Бірақ, оқты көзімен-ақ жауын баудай қыратын Малифисентаның жіңішке үнмен айғай салғандығы «ары қарай не болар деген» күдікті сұрақ туғызды. Дегенмен ары қарай бәрі ретін тауып кетті. Малифисентаның ашуға буллыққандағы айғайы демесеңіз, өзге репликаларын сәтімен жеткізе білген.

Тимур Ниязбеков сөйлеткен қара қарға Диоваллдың да үні көңіл қалдырмады (неге екені белгісіз жағымсыздау деп келген кейіпкерлердің образы сондай сәтті шығады). Аврора ханшайымды қазақ қылған, кешіріңіз, қазақша сөйлеткен Гүлнәр Құрманбекованың бұл үлкен жобалардағы алғашқы ролі екен. Өзге жұрт түсінде көрсе шошып оянатын сиқыршымен бірге ойнайтын не деген жүрек жұтқан қыз дедік. Тіпті даусында да "діріл жоқ" қой.
Ертегілер әлемінің кодексі бойынша ханшайым жүрген жерде ханзада да болуы керек. Филипп ханзада - Аврораға жараса кететіндей, он жеті жас шамасындағы сымбатты жігіт. «Стеван патшаның еліне қалай барамын?» деген дауыс, шіркін, «түріне сенбеңдер, жасы 23-те дегенді» айғайлап айтып қоя бермесі бар ма? Бәлкім,режиссер бізді «адастырғысы» келген шығар?!
Қазір айтамын,барлықтарыңыз Азамат Қанапияны іздедіңіздер. Иә, Стефан патшаға мін жоқ, даусына деймін. Фильмге қарасаңыз, Малифисентаны я жақсы көретін, я жек көретіні белгісіз есерсоқ біреу секілді көрінеді.
Сонымен, "Малифисента" – қазақ тіліне аударылған 8-фильм. Қазақ тілі «Голливудты бағындырды» деп «мақтануға» толық еріктеріңіз бар. Мақтану аз, билет алып, кассаны кезекке толтыру керек. Балдырғандар үшін емес, бір рет ересектерге де баруға тұрарлық.
Ғажайыпқа толы ертегілерге тек балалар ғана сенбейді. Әрі ол ертегінің шындығы мүлдем басқа болса)
