Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкентте су басу қаупі бар аумақтарға тікұшақпен бақылау жүргізілді

Шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Қуанар Базарбаевпен бірге Шымкент қаласының су тасқыны қаупі бар жерлерге аэровизуалды мониторинг жүргізді.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазавиақұтқару» АҚ ЕС-145 тікұшағымен ұшу барысында Бадам өзенінің бойында орналасқан Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері, Текесу, Бадам, Тоғыс су қоймалары, жоғары Бадам су реттегіші және Сайрам-су өзенін барлау жұмыстары жүргізілді.

Аэровизуалды мониторинг кезінде 6 гидротехникалық құрылыс зерделенді. Сонымен қатар, 2 өзеннің су ағысына шолу жасалды. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта су тасқынына қарсы жол картасындағы 9 іс-шара жүзеге асса, су басу аймақтарындағы қауіп сейіледі.

Әуеден бақылау барысында жағдай тұрақты екені байқалды. Өзендердің ағысы қалыпты. Бадам өзенінде секундына 9 текше метр, ал Сайрам суда 1 текше метр су ағуда. Су қоймаларының толу деңгейі 13–45 пайызды құрайды. Тасқын суларды қабылдайтын қоры жеткілікті. Су тасқынының алдын алу барысы үнемі бақылауда болады.

Айта кетейік, «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар» жол картасы 2020 жылдың қараша айында "Қазақстанның су қауіпсіздігі: заманауи сын-қатерлер мен оларды шешу перспективалары" тақырыбы бойынша өткен Үкімет сағаты ұсынымдарының 6.7-тармағына сәйкес бекітілген болатын. Арнайы бұйрық бойынша, Орталық және жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне Жол картасы іс-шараларының орындалу барысы туралы ақпаратты ұсынып отыруы тиіс. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі Үкіметке жарты жыл сайын бір рет аталған жол картасы іс-шараларының орындалуы туралы мәлімет беруі керек.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков осы "2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар" жол картасының іс-шараларын іске асыру шеңберінде қараша айының басында да Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаевпен бірлесіп, Маятас және Жыланбұзған елді мекендері арқылы өтетін Бадам өзенінің жағалау бекіткіш бөгеттері бойынша жұмыс барысымен танысу мақсатында аралап көрген еді. Аралау барысында шаһар басшысы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстарының барысын жеделдету, төтенше жағдайлардың алдын алу қажеттілігін айтты.

0
0
193

Осы тақырып бойынша