Мазмұнға өту
Обложка сообщества Шымкент жаңалықтары

Шымкентте 61 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылды

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде 36 мың адамға жұмыспен қамтудың түрлі бағыттары бойынша қолдау көрсетілді.

Жобада кәсіби білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту қарастырылған.

Осыған дейін субсидияланатын жұмыс орындарымен 8349 адам қамтылды. Жұмыссыз азаматтар әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасы, ақылы қоғамдық жұмыстар мен «Алғашқы жұмыс орындары», «Ұрпақтар келісім шарты», «Күміс жас» жобалары бойынша жұмысқа орналасқан.

Бүгінгі таңға қала аумағында 25 462 жұмыс орны ашылған. Осылайша қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары асыра орындалды.

Айта кету керек, Шымкентте 2023 жылдың 10 айында 19 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылған. Бұл туралы осы айдың басында Шымкент әкімдігінің Ақпараттық- коммуникациялық орталығында өткен брифингте қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Кеуенова хабарлаған болатын. «Жастарды жұмысқа ынталандыру, жұмыспен қамту және жастарды жұмысқа орналастыру үшін жағдай жасау бағытында жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруға жыл соңына дейін 8 200 жасты қамту жоспарланған. 2023 жылдың 1 қазанға дейін 22 355 адам жұмыспен қамту мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органға жүгінген. Қазіргі таңда, 18 823 адамның өтініші қанағаттандылырып, жұмыспен қамтылды. NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу мақсатында жұмыссыз жүрген 29 807 жастың тізімі жасақталып, оқуға түсу және жұмысқа орналасу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деді Мөлдір Тұрсынбекқызы.

Сондай-ақ ішкі саясат және жастар істері басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Мобильді топ» жастарды нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында «Жастар практикасы», «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бойынша базарларда бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырған.

Басқармадағылардың айтуынша, шаһарда мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында жергілікті 9 базарда және Шалғай елді мекендердің жастарына ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, шараға 12 000-ға жуық жас қамтылған.

0
0
252

Осы тақырып бойынша