Шымкентте 400 жұмыс орыны болатын озық үлгідегі базар салынды
Енді озық үлгідегі автостанция да бой көтергелі жатыр.

Шаһарда кәсіпкер өз қаражатына жалпы ауданы 5100 шаршы метр болатын заманауи талапқа сай базар салған. Алматы А-2 тас жолындағы осы сауда орталығында жалпы 400 жұмыс орынын ашу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар нысанды аралау барысында аталған базарда болып, кәсіпкерлермен кездесті. Нысан иесі сауда орындарына сатушылар мен сатып алушыларды тарту бойынша көмек сұрады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 12 қыркүйекте өткен отандық кәсіпкерлермен кездесу барысында бизнестің жеке бастамаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің тиімділігіне тоқталған болатын.
«Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс», – деді мемлекет басшысы.
Қала басшысы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысына бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуді жүктеді. Тұран ауданында апта сайын өткізіліп жатқан жәрмеңкені аталған базарда ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ базарға қоғамдық көлік жүргізу мүмкіндігін қарастыру бойынша тапсырмалар берді.
Көлік демекші, Шымкентте озық үлгіде автостанция да салынатыны туралы қараша айының басында айтылған болатын. Ол кезде шаһар басшысы Түркістан облысының оңтүстік аудандарына қатынайтын көліктер тұрағының жағдайымен танысқан еді.
«Көмеш бұлақ» базары аумағында Жетісай, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарына 500-ге жуық көлік қатынайды. Соның салдарынан халық көп шоғырланатын аумақта көлік қозғалысы қиындап, кептелістер орын алуда.
Қала әкімі жауаптылар тарапынан ұсынылған автотұрақты А-2 автомобиль жолының жолайырығы маңына көшіру туралы ұсынысқа қолдау білдірді. Озық үлгідегі автостанция жеке инвестордың есебінен салынады.
Ал қазіргі автотұрақ аумағы ретке келтіріліп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 4 «Сергек» бейнекамерасы орнатылатын болады. Жаяу жүргіншілердің бейберекет қозғалысын болдырмау үшін арнайы турникеттер орнату жоспарлануда.
Қала әкімі жауаптыларға жолаушыларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында автотұрақты көшіру бойынша тиісті жұмыстарды шұғыл іске асыруды тапсырды.
