Шымбұлаққа бару үшін қанша теңге керек?
Алматыда бірнеше жыл тұрса да Шымбұлаққа барып сырғанамағандар көп. Солардың бірі мен. Неге деген сұраққа «Уақыт болмады, реті келмеді» - деп сылтау айтып жауап беруге болады. Бірақ шынын айтсам, Шымбұлақ байлардың ғана баратын орны деп ойлайтынмын. Шаңғы теуіп, тау баурайында отырып шәй ішуге 30-40 мың теңге кететініне өз-өзімді сендіріп, Медеуден ары аспайтынмын. Масқара. Қатты қателесіппін.

Тарқатып айтайын. Бүгін достармен «Бісміллә, не де болса көрейік» - деп ат басын Шымбұлаққа бұрдық. Бағасы мен ойлағаннан әлдеқайда арзан екен. Мәселен аспалы жолмен тауға көтеріліп түскініңізге 20500 оййй кешіріңіздер, 2500 теңге төйлейсіз. Иә, таза ауамен тыныстап, тамаша табиғатты көріп, таулардың биіктігіне тамсану үшін бұл қымбат ақша емес. Оның үстіне сіз өзіңізбен алып барған шәй мен самсаны жеп достарыңызбен ұзақ әңгіме айта аласыз. Ешкім кет демейді.

Ал егер, «Жоооқ, мен тек тау көру үшін бармаймын. Сырғанағым келеді» - десеңіз 7350 теңге төлейсіз. Бұл 1 күндік абонементтің құны. Оның ішіне аспалы жолға билет пен шаңғы кіреді. Айтпақшы, бұл баға арзандатылған баға. Мұндайға қол жеткізу үшін билетті «Сhocolife» - арқылы аласыз. Интернетті білетіндер үшін бұл түк қиын емес. Сосын балалар мен зейнеткерлерге арнайы жеңілдіктері де бар екен.



Тамақ. Иә, Шымбұлақта палау 2000 теңге тұрады. Бірақ, 2000 теңгеге палау жегенше үйге ет сатып алмаймын ба дейтіндер өздерімен бірге шәй-пәй, нан-пан, тамақ-памақ әкелуіне болады. Сол жерде отырып жеп аласыздар.


Тағы не айтсам екен? Сырғанай алмасаңыз үйрететін мамандары да бар. Азанда 10-11-лерде күн сәл суықтау болады. Шымбұлаққа 12:00-де көтерілсеңіз шәпкіңізді шешіп, курткаңыздың алдын ашып жүресіз. Сосын фотоапарат алып барыңыздаршы. Күшті суреттер түсіруге болады.

Айпақшы, балаларды алып баруға қорықпаңыздар. Суықта аурып қалады десеңіздер арнайы ойнайтын жылы бөлме бар.


Сондай-ақ "Әй, осы жерде бір түнесек қой" - деген ниет пайда болса Шымбұлақ қонақүйінің есігі ашық тұрады екен. Ақшасын төйлеп, кілтін алып өзіңіз құлттап аласыз. Қысқаша осы. Біз достармен өте керемет демалдық. Шаңғы теуіп көрмеген мен, екі құлағаннан соң үйреніп алдым :)

Бұйыртса, келесі аптада тағы да барып қаламыз!
p.s. Алматы арнасында Шымбұлақ туралы талқылаған бағдарламамды да тамашалап, көп ақпарат алсаңыздар болады! Ізгі ниетпен Берік Сұлтан :)
