Шығыс Қазақстан ОТД басшылығы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін және тыл еңбеккерлерін құттықтады.
Ұлы Отан соғысының 70-жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында Шығыс Қазақстан облыстық телекоммуникациясы дирекциясының басшылығы ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құттықтап, оларға мерекелік медальдарды табыс етті.

Салтанатты іс-шараға облыстық телекоммуникация дирекциясында соғыс жылдарынан кейінгі уақытта және компанияның құрылу кезеңінде еңбек еткен 30-дан аса тыл еңбеккерлері мен зейнеткерлер қатысты.
Өз сөзінде Э. Еспенбетов ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтап, олардың ерен ерлігі мен жан қиярлық еңбектері үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі. Тыл еңбеккерлері құттықтауды ықыласпен қабылдап, ШҚ ОТД тарапынан жасалынып жатқан шынайы қолдау мен көмек мереке күні ғана емес, басқа уақыттарда да көрсетіліп жататынына ризашылықтарын білдірді.

Іс-шара барысында тыл еңбеккерлері өздерінің ойларымен бөлісті. Әрқайсысының жүрегінде зұлмат жылдарың ауыртпалықтары мен қиыншылықтары әсте ұмытылмағаны көрініп тұр. Өйткені соғыс әр үй, адам тағдырымен байланысты өмір тарихы. Содан да болар ардагерлердің әр сөзі бейбітшілік, келісім, өзара татулықпен біте қайнасты, ал бұл жас ұрпақтың ту етіп ұстар ұраны болуы тиіс.

Атаулы күнінің мерейін Өскемен қаласының шығармашылық ұжымы мен бүлдіршіндердің өнері бір көтеріп тастады. Ардагерлер зор ілтипатпен тыңдап, мерекелік бағдарламаға қатысты. Олар соғыс жылдарындағы әндер мен билерден қойылым жасады.
Сонымен қатар, барлық аудандық өндірістік телекоммуникация тораптары кәсіподақ ұйымымен бірлесіп облыстың аудандары мен қалаларында тұратын ардагерлерге мерейтойлық медальдарды табыстап, қайырымдылық көмек пен азық-түлікті үйлеріне жеткізіп берді.
Қазірде Шығыс Қазақстан ОТД-сының есебінде 5 ардагер және 120 тыл еңбеккері бар.
