ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
9

Шу-Чу. «Біртүрлі» фильм

Да, я экспериментировал с марихуаной раз или два. Но мне это не понравилось, и я не затягивался.

Билл Клинтон

Неге екенін кім біледі, бірақ, отандық киноөндірістің өнімдері көп  жағдайда бірсипатты болып келеді. Әлде біздің көз солай көре ме,  әйтеуір, аяқ-басы емес, ортасынан қарасаң, қайсысының қайсысы  екенін ажырата алмай қалып жатасың. Тек соңғы жылдары  жылтыратып көз ашқан, нұқып-нұқып қана көрсетуге болатын бірді-  екілі туынды ғана қазақстандық киноның аңызақ даласына тамыр  жайған жаңа өсімдікті елестетеді.

«Шу-Чу», міне, осындай фильм. Ал, оның қандай өсімдік екенін  ішіңіз сезетін шығар.

Бір өзі сценариймен бас қатырған, режиссер болған, қатігез  капитанды сомдаған Жантемір Баймұхамедов «Жантиктың»  маңдайына жазған фильмы бізге «біртүрлі» көрінді.

Әуелі, анау бір кезден бері ой мен қырда жарияға жар салып  жүрген «Шу-Чудың» көзге не берері жайлы әңгімелесек. 90-  жылдардың қысылтаяң кезеңіне тап болған үш «көксоққан»  алматылық жасөспірім сол кездегі аула түсінігі бойынша әжептеуір  беделі бар ересек жігітке еріп Шу алқабына тартып кетеді.  «Планға». Қазақстанның екінші «космодромы» аталған алқаптан  қарасора теруге.

Бір адамдарға қарғыс атқан, ал енді біреулерге бар әлемнің рахаты мен мәні тоғысқан жер алматылық төртеуді жергілікті милиция бастығы капитан Молдахметовпен, бұзық жігіттерімен, өзінің қалыптасқан жүйесімен қарсы алады. Сатып ақшаға, шегіп қызыққа батамыз деп Кеңес Одағының ол түкпір, бұл түкпірінен келгендердің көпшілігі темір тордың ар жағында естерін жинайтын дәуірде, «біздің» бас кейіпкерлер де біраз қиналады.

Бір жағынан анталаған ауылдың балалары, екінші жағынан жалаңдаған Молдахметов бастаған милиция жандайшаптары қырып бара жатқан төрт дос туралы туынды «әп» деп басталғанда-ақ өзінің басқа фильмдерден ерекшелеу екеніне ым қағады. Әйтпесе деймін-ау, суреті соншалықты бір жаман салынбаған жатпланеталық кеменің космостағы сапары мен жерге келіп қонуын және робот-барлаушыларын жіберуін қай отандық кинодан көрдіңіз?

Фильм басында шынайы көрінеді, себебі милиция бөлімшесіндегі құқыққорғау қызметкерлері мен «шөпке» келгендердің мінез-құлығы, жүріс-тұрысы шынымен сол заманды көріп отырғаныңа сендіреді. Ауыл балаларының петерборлық ботаник Мишаға «әңгіме айтуы» да күлкі шақырады. Жалпы, жергілікті тұрғындардың бейнесі жақсы шыққан деп ойлаймын.

Молдахметовтың рөлі де көрермен үшін қызықты. «Уазигіне» мініп, сай-жырамен жастарды жын қаққандай қуатын, жетпей қоймайтын және жеткенін аямайтын капитан комедияның емес, кәдімгідей салмақты туындының кейіпкері бола алатын секілді.

Басты рөлдегі төрт актерға да оң көзбен қарауға болады деп айта аламын, себебі белгілі бір дәрежеде өздеріне тиесілі міндетті атқарып шыққан жігіттер алда қатысар жобаларында жаман болмас деген ойдамын.

Алайда, фильмның өзінде, кейіпкерлерінде, арнайы эффектілерінде, мазмұнында бар ортақ қасиет біраздан кейін адамды аздап жалықтырып алады. Ол қасиет – бір сарынның қайталана беруі (шөп, шөп ұрлау, шөп жинау, шөппен қолға түсу, шөптің тозаңынан «кірпіш» жасау), дыбыстық монтаж бен арнайы эффектілердің (мәселен, жол бойындағы қуғын мен атыс) кейбір тұстардағы сапасыздығы, актерлердің сөйлеген сөздерінен ара-тұра жасандылықтың байқалуы. Бір сөзбен айтсақ, бірқатар қазақ фильмдеріне тән қасиет «Шу-Чуды» да айналып өте алмапты.

Не деген күннің өзінде, отандық кино саласында өзгешелеу стилдегі ерекше еңбек пайда болды. Ұнасын, ұнамасын, бірақ, Шыңғыс Айтматовтың «Жанпидасымен» бауырлас «Шу-Чу» көрермені ол туралы бей-жай қалмайды деп ойлаймын. Жеке адамның бастамасымен және қаржысымен, жеке топтың жылдар бойы түсірген фильмы жерге тығардай жаман емес. Қоғамның қытығын келтіретін кейбір қышыма тұстарды Қазақстан үшін «қара» болатын әзілмен көрсете алды.

Айтпақшы, фильм авторларының «тек 18 жастан асқан көрермендерге» деп ескерткені орынды. «Отандық» боқтық сөздер мен ашық көріністерге кез келген көз бен құлақ шыдай бермеуі мүмкін.

Суреттер фильмның ресми сайтынан алынды.