Штаб мүшелері – Маңғыстауда
«Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штаб делегациясы арнайы сапармен Маңғыстау облысына келді. Үгіт-насихат топ мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасының артықшылықтарын өңірдің құрылысшылары, теңізші, теміржолшы және мұнайшыларына таныстырды.Аймаққа республикалық сайлауалды штаб мүшелерін Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев бастап келді. Маңғыстау облысы елімізді сыртпен байланыстыратын қақпа ретінде қарастырылады. Өңірде ірі көліктік хаб қалыптаспақ. Транспорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Боржақты-Ерсай» темір жол тармағының құрылысы аяқталған. Оның ұзындығы 13,9 шақырым және жобалық құны 9,4 млрд теңгені құрайды. 2015 жылдың сәуір айында Құрлық айлағында құны 16,4 млрд теңгені құрайтын паром кешенінің құрылысы басталды. Құрылысы аяқталғаннан кейін болжам бойыша бұл кешен жылына 3,6 млн тонна әмбебап паромдарды қабылдай алады. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан порттағы жұмысшылармен кездесу барысында штаб өкілдері «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында әр өңірдің нақты даму стратегиясы айқындалғанын атап өтті.– Біз басымдық берген басты бағыт – Ашық Еуразия құрылысы. «Нұрлы жол» бағдарламасы, еуразиялық экономикалық одақ құру, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы, ДСҰ мүшесі атану, Еуропалық одақпен серіктестіктің жаңа форматын енгізу, Ұлы жібек жолы экономикалық белдеуін қалыптастыру, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің негізін қалау. Бұл ауқымды жобалардың барлығы өзара тығыз байланысқан. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразия құрлығының басты көлік күретамырына айналдыру, – деді «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшесі Мейрам Пішембаев.Маңғыстау облысының күн тәртібінде теңіз жолы арқылы тауар тасымалын арттыру мәселесі алдыңғы қатарда. Бұл ретте Каспий теңізін жағалай төселген темір жол желісі де салынды. Қазақстанның екінші теңіз қақпасы атанған жаңа айлақ транзиттік әлеуетті әлдендіре түсері сөзсіз. Бұл туралы республикалық штаб өкілдерімен өткен кездесу барысында жұмысшы қауым өкілдері мақтанышпен айтты.Мемлекет тарапынан ШОБ өкілдеріне қолдау жайлы штаб мүшелері Жаңаөзен тігін фабрикасы «Жанарыс» ЖШС-ның өндіріс алаңында өткен жиын барысында толық айтты. 2015 жылы шағын және орта бизнесті дамытуға Үкімет тарапынан 180 млрд теңге бөлініпті. Бұл қомақты қаржы 110 мың адамның жұмыс орнын сақтап қалуға және 1,5 мың адамға жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізген. Республикалық сайлауалды штаб өкілдері сондай-ақ теңіз деңгейінен 532 метр биіктікте орналасқан «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде аймақ ақсақалдары және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Алқалы жиын барысында ақсақалдар «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасына қолдау білдірді.
http://aikyn.kz/ru/news/show/21665-shtab_m_sheler_ma_ystauda
