Мазмұнға өту
Обложка сообщества Әртүрлi

Шілденің 15-і мен 21-і аралығында «31 арна» көрсететін фильмдерге шолу

Шаруаға қол, еңбекке жайлы болып отырған жаңбырлы жаздың дәл ортасына да келдік. Біздің құрметті оқырмандарымыз жылдың сағындырып жетер осы бір кезеңін қызықты һәм көңілді өткізіп жатыр деген үміттеміз. Ал, ұзақты күннің кешінде "31 арнадан" әлемдік киноның іліп-алар фильмдерін көру дұрыс демалысты еселей түседі.

15 шілде, яғни дүйсенбі күні сізді "Крокодил Данди" күтеді. 22.45-те экранға шығатын фильм Австралияның қиян түкпіріне келген американдық журналист пен жергілікті қолтырауын аулаушының басынан кешірген хикаяларын суреттейді. "Үздік ер адам рөлі" номинациясында "Алтын глобус" алған комедиядан табиғаттың ортасынан шыққан бас кейіпкердің тас қала Нью-Йоркке барып адам жасаған джунглиде қиындықтарға тап болғанын көре аласыз.

Австралиялық аңшы Майкл Данди туралы қызық оқиғалар сейсенбі күні де жалғасады. 16 шілдеде 22.45-те аборигендік лашығын американдық пентхаусқа ауыстырған қолтырауын аулаушы сүйіктісін құтқарып алу үшін колумбиялық мафияға қарсы күресін бастайды. Кеңестік кинопрокатта ең көп көрілген шетелдік фильмдер арасында 25-ші орынды алып тұрған "Крокодил Данди 2" кино саласындағы ең табысты автралиялық жоба болып саналады.

Сәрсенбі мен бейсенбі 22.45-те атышулы "Полицейская академия" жобасының екі бірдей бөлімі көрсетіледі. 17 шілдеде "Полицейская академия 4: Граждане в дозоре" фильмі арқылы комендант қиқар, қырсық Лассардтың "Азаматтар кезекшілікте" атта бастама көтеріп, оның қандай күлкілі әрі қызықты оқиғаларға ұласқанын біле аласыз.

Ал, 18-інде "Полицейская академия 5: Место назначения – Майами Бич" туындысы жүреді. Лассардты құтқарамыз деп Майамиге барған біздің сүйікті кейіпкерлеріміз тәртіп пен заңды қорғауға барын салады.

19 шілде, жұма. Киномандарды қарық қылатын күн. Алдымен 21.45-те есірткі саудасымен айналысатын бандалардың былығына байқамай кіріп кеткен аспаз Джеки Чанды көрсетеміз (енді ше... кім айтты сізге аспаздық ең бейбіт мамандық деп:) Оған "Мистер Крутой" дәлел).

Іле-шала, 23.45-те Бен Аффлектің "Город воров" қылмыстық драмасы болады. 37 млн доллар бюджеті бар фильм әлемдік прокаттан 154 млн доллар табыс тауып, көрермендерге аса ұнаған болатын. Банктер мен инкассатор көліктерін тонайтын төрт жігіттің хикаясын сіз де көріңіз.

Сенбі күні (20 шілде) бағдарламамыздан үш бірдей фильмді іліп-алып, таныстырсақ деп отырмыз.

17.00. "Кто подставил кролика Роджера". "Оскардың" үшеуін бірдей қанжығасына байлаған комедия қалың елге жақсы таныс. Тірі актерлер мен қолдан салынған анимацияның араласып беруі таң қалдырмай қоймайды, әрине.

19.00. "Властелин колец: Две крепости". Фэнтезисүйер қауымға арналған сыйымыз жалғасуда! Фродо мен Сэм Мордорға жету үшін амалсыздан Голлумды жолбасшылыққа алды, ал Саруманның әскеріне қарсы тұру үшін Сақина бауырластығының өзге батырлары күш жинап жатыр.

22.00. "Угнать за 60 секунд". "Мемфис" атты лақап аты бар көлік ұрлықшысы бауырын құтқару үшін бір түнде аса қымбат елуден астам автомобиль ұрлауға мәжбүр болады. Николас Кейдж бен Анджелина Джоли ойнайтын фильм қуатты әуенімен және әдемі көліктерімен есіңізде қалары анық.

Николас Кейдждің фанаттары жексенбі, шілденің 21-інде де 31 арнаны әбден қарай алады. "Воздушная тюрьма" - нағыз экшнның керемет үлгісі. Аса қауіпті қылмыскерлерді тасымалдайтын рейстен қашпақшы болған рецидивистер мен оларға қарсы Кейдж кейіпкерінің күресін сағат 21.30-да тамашалаңыздар.

Біздің шолуға апта ішінде көрсетілетін фильмдер толық енген жоқ. Мәселен, керемет мультфильм "Вверх", болмаса Тим Аллен, Джон Траволта, Мартин Лоуренс түскен "Реальные кабаны" комедиясы туралы айтқан жоқпыз. Сондықтан, 31 арнаның бағдарламасын қарап тұрыңыз, сіздің талғамыңызға сай фильмнің табыларына нық сенімдіміз. Жаңа аптада сәттілік тілейміз!

0
0
528

Осы тақырып бойынша