Шетелге шығарылатын сапалы отандық макарондар (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Елімізде бидайдың ең таңдаулы сұрыптарынан макаронның сан алуан түрі өндірілетінін білесіздер ме? Мысалы, ұлдарға, қыз балаларға арналған, қауырсын, ұлутас, өрмек, түтік т.б. макарондар бар. Бұл макарондар адамның ішек-қарын жолдарының дұрыс жұмыс істеуіне әсер ететін В дәруменіне, сондай-ақ Е дәрумені мен өсімдік ақуыздарына бай екенін біле жүрген жөн.
Біз бүгін «Цесна-Мак» ЖШС фабрикасы мен макарон өндірісі туралы мәліметті оқырмандарымыздың назарына ұсынбақпыз.
Макарондар – елімізде жиі тұтынылатын тағамдардың бірі. Ол әзірлеуге өте ыңғайлы, дәмі де керемет. Сонымен, өнімді өндіру процесін сипаттауға көшейік. Ең алдымен макарон өндіруге арналған шикізат элеваторға жеткізіледі. Элеваторда ол екі сүрлемде кептіріліп, бидайдың қатты сұрыптары өңдеуге даярланады. Әрбір екі сағат сайын келіп түсіп жатқан шикізат сапасы бақыланып, жүйелі түрде санитарлық-гигиеналық жағдайға қадағалау жүргізіледі.
Бұдан соң астық диірменге жіберіледі. Онда шикізат қайта өңделеді. Тәулігіне қайта өңделетін астық көлемі – 120 тонна. Арнайы тазалау жүйесі түсі, пішіні немесе көлемі талапқа сай келмейтін дәндерді анықтап, оларды өндірістен алып тастайды.

Алдын ала қайта өңделіп, өңделген астық тартылады. Астық тартылып, жармаға айналады. Ал одан макарон жасалады. Жарма макарон жасау фабрикасына жіберіледі. Диірменнен әкелінген шикізат фабрикадағы арнайы бункерлерде сақталады. Бұл бункерлердегі жарма жүйелі түрде зертханадағы сараптамадан өтіп тұрады. Жарма арнайы барабанды қалбырларда еленіп, шикізаттың мөлшерін реттейтін арнайы салмақ өлшеуішке өтеді.

Қамыр былғауышқа белгілі бір көлемде түсіп отыратын жарма таза сумен араластырылады. Иленген макарон қамыры дымқыл түйіршіктер түрінде келеді. Қамыр вакуумды тығыздағыш корпусқа жіберіледі. Одан кейін тығыздалған макарон қамыры матрицаларға өтеді. Дәл осы матрицаларда макаронға түрлі пішін беріледі. Өндірістің соңғы кезеңінде макарон кептіріліп, салқындатылады. Дайын өнім сұрыпталып, оның салмағы өлшенеді де, қорапшаларға салынады.



Макароннан жасалған тағам әрбір отбасының ас мәзірінен табылатыны сөзсіз. Себебі, оны әзірлеу де жеңіл, әрі бағасы да қалта көтереді. Оның үстіне сақталу мерзімі де ұзақ болып табылады. Қазақстанда макарон әзірге жеке тағам түрі ретінде алынып отырған жоқ. Әдетте ол етпен бірге берілетін гарнир ретінде даярланады. Тіпті, дәрігерлер де диета ұстап жүрген адамдарға бидайдың қатты сұрыптарынан жасалған макарон жеуге кеңес береді. Себебі, мұндай макарон түрлері дәрумендер мен минералдарға бай. Олардың құрамында триптофан аминқышқылын ағзамызға жеткізетін өсімдік ақуыздары бар.

Қазақстанда өндірілген макарондарды ішкі нарықта ғана емес, сонымен қатар жақын және алыс шет елдердің дүкен сөрелерінде кездестіруге болады. «Цесна» сауда маркасы Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия мен Ауғанстан сынды елдерде танылып үлгерген.
Диана ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА
