Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Шетелдік сериалдардың рейтингісін бұзған бұл қандай сериал?!

«Масқара... абыройдан жұрдай болғанша өлгені артық, жолдан бала тауып… ата салтын бұзды… Шыда!.. Үндеме!.. Өзің кінәлісің… Жұрт не дейді?! Сендей қызымыздың болғанынан болмағаны артық еді!.. Жоғалт көзіңді… Ауылдан да кет… Жоғал!»

«Анашым, мені қалдырма» телехикаясында қозғалған тақырып – осы.

«Баласын – бауыр етім» деп білген ата-бабамыз қай кезде де жетімін жылатпаған, ал жесірін еш қаңғыртпаған. Жесір әйелді үйлене алмай жүрген азаматқа қосып, жетім баланы әкелі етіп қоғамның кем тұстарын толтырып отырған. Жалпы дінімізде некесіз қосылуды  рұқсат етпейді. Сондықтан да әйел адамды аса құрметтеуді, оны теріс жолға итермелемеуді ер азаматтарға міндеттеген.

Бірақ сол ер жүрек халықтың еліктегіш ұрпағы өзінің дархан пейілін жоғалтып алғандай. Тар құрсағын кеңітіп, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген баланың болашағына жауапты ата-аналардың өз баласын қамқорсыз қалдыруы қоғамымызда белең алып барады. Осы тақырыпта сөз қозғағанда бірінші қыз баланы кінәлаймыз. Дегенмен, әртүрлі абыройсыздыққа қыздардың өзі ғана бармайды ғой. Жүкті болғанда басын ала қашатын, тіпті жанұясының бар екенін жасырып жүретін ерлер де бар. Ал барлық ауыртпалықты әйел заты көтеруге мәжбүр.

Бәрінен бұрын дүниеге келетін бейкүнә сәбидің ғұмыры не болмақ? Дүние есігін ашпай жатып, жетімдік қамытын мойнына киген жазықсыз бүлдіршіндердің жайын ойлағанда кез келген жанның жүрегіне ауыр тиетіні анық. Дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап, әркімге жәутеңдеп қарап, әкенің тәрбиесіне жарымай, мейіріміне бөленбей өспей ме? Сәби үшін ең жылы ұя – нәзіктік атаулының жиынтығы ананың алақаны мен асқар тау әкенің құшағының өзінен дүниеде артық нәрсе жоқ.

Көрермен назарына ұсынылған, бұл «Анашым, мені қалдырма...» телехикаясы да қоғамның қатал сынына ұшыраған жас аналардың тағдыры жайында болып отыр. Бұл әлеуметтік жоба түрлі себептермен дүниеге некесіз сәби әкелген әйелдерге қатысты жағымсыз стереотиптерді бұзып, сәбилерді жетімдіктен құтқаруды, рухани және отбасылық құндылықтарды қайта жаңғыртуды мақсат етеді.

«Эфирге шыққан алғашқы күннен бастап, қаралымы бойынша рейтингісі жоғары сериал болды, - дейді «Қазақстан» ұлттық арнасының басқарма төрағасы Ерлан Қарин. – Көрермендерді толғандырып, қоғамға ой салатын мұндай әлеуметтік жоба – бізге керек-ақ, - деп атап өтті телеарна басшысы.

Иә, мен де сіздің сөзіңізге толықтай қосыламын. Бұл қоғамымыздағы өзекті мәселе болмаса, халықтың соншалықты назарын аудартар ма еді?!

Бүгін де шарасыз күйге түскен қыз-келіншектер ортамызда жоқ емес.  Олар барарға жер таппай, жақындарының қатал сөгісінен қорқып түрлі жағдайларға ұшырап жатады. Алайда, олар тек жақындарының ғана емес, қоғамның да мейіріміне, қайырымдылығына мұқтаж. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дегендей, бұл өмірден еш хабарсыз нәрестелердің күлкісінен шексіз ләззат алып, қайырымдылық жасап жүрген жомарт жүректі азаматтар арамызда жоқ емес.

Олар сыйлаған жылуды, ертең сол жанұяның баласы басқа біреуге сыйлайды. Міне, тәрбиедегі құндылық қайда жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» Осы мақсатта отандық кәсіпкерлердің қолдауымен «Ана үйі» қоғамдық қоры нәтижелі жобалар атқарып келеді, атқарады да...

«Анашым, мені қалдырма» телехикаясын «Қазақстан» ұлттық арнасынан сенбі күндері сағат 15:10-да көре аласыздар, ұлттық арна қосулы болсын!

 
0
0
647

Осы тақырып бойынша

Шетелдік сериалдардың рейтингісін бұзған бұл қандай сериал?! - Yvision.kz