Шегірткелер бас көтере бастады
Егін егу жұмыстары ерте басталатын оңтүстік өңірде, дәлірек айтқанда Сарыағаш ауданында шегіртке «оянып» жатыр. Енді оларды бірер аптада улап үлгермесе, тез-ақ өсіп-жетіліп, күш алып кетуі мүмкін екен.
Сол себепті Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткемен күресті ерте бастау ниетімен пестицидтерді ұсынушылар, оларды сақтау, тасымалдау жұмыстарын орындаушылар мен өңдеу жұмыстарын жүргізушілер арасында тендер өткізіп, шарт жасауда. Бір айта кетерлігі, пестицидтер меншік түріне қарамастан, барлық шаруашылықтарға тегін беріледі. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлініпті, соның ішінде пестицидтер сатып алуға – 721 млн теңге және химиялық өңдеу жүргізуге 3 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы АШМ-да өткен брифингте айтылды.
– Заң бойынша шегірткенің көзін жоятын у-ды сатып алу, сақтау, жеткізу, улау, бәрі бюджет ақшасына жүзеге асырылады, ол үшін шаруалардан бір тиын да алынбайды. Ал улау қалай жүргізіледі десек, бүгінгі таңда аймақтардағы мамандарымыз егін егілетін алқаптарға шығып, шегірткенің таралу үдерісін зерттеп, тексереді. Міне, осы тексерулер кезінде 1 шаршы метр аумақтан 10 шегіртке анықталса, онда шегірткені улау қызметін көрсететін, яғни біз өткізген конкурс анықтаған фирмалар улау жұмысын бастайды. Олар бұл қызметті шаруаларға тегін көрсетеді. Өйткені олар бұл қызметтері үшін ел қазынасынан ақша алады, – деді АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов.
Баспасөз мәслихатында айтылған дерекке сүйенсек, биыл аса зиянды жәндіктер 7 млн 280 мың гектарға таралуы мүмкін деп болжанып отыр екен. Оның ішінде үйірлі шегірткелер – 3 млн 871 мың гектарға, сұр көбелектер – 869 мың гектарға, қандала – 82 мың гектарға, ал 20 мың гектарға астық қоңыздары таралуы мүмкін. Осы зиянкестердің ішіндегі аса қауіптісі – үйірлі шегірткелер. Айта кетерлігі, біздің елде үйірлі шегірткенің үш түрі тараған, марокко шегірткесі – оңтүстік өңірге, италиялық шегіртке солтүстік, орталық, батыс аумаққа үйір келсе, сулы аймақтарға азиялық шегірткелер құмар екен.
Биыл осы шегірткелер аздап «аяқ тартатын» көрінеді.
– Соңғы 5-6 жылдағы таралу көрсеткішін қарасақ, шегірткенің көбеюі 2010 жылдан басталады. Оған ауа райы, миграция, биологиялық цикл ықпал етеді. Шегірткелердің көбеюі 2014 жылы ең жоғары көрсеткішке жетті, былтыр 4 млн 217 мың гектар жер зақымданды. Ал биыл үйірлі шегірткенің таралу қаупі республиканы тұтастай алғанда 800 мыңнан астам гектарға азаяды деп болжап отырмыз. Алайда Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, ОҚО, СҚО облыстарында көбейеді, – дейді Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекция басшысы Ержан Айнабеков.
Оның айтуынша, биыл республика бойынша фитосанитарлық ахуалды қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін 117 млн гектарға фитосанитарлық мониторинг жүргізілмек екен. Қарапайым тілмен айтқанда, мониторинг дегені, АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетіне қарасты штаттағы мамандар мен уақытша маусымдық жұмысқа тартылған ерікті тексерушілер. Мысалы, биыл 437 тексеруші жұмысқа тартылады және арнайы техникалар да жалға алынады. Олар штаттағы қызметкерлермен бірге егістік алқаптарда тексеру жұмыстарына жұмылдырылады. Биыл ұзын саны 1234 адам осы жұмысты атқаруы тиіс. Республикамыздағы 160 ауданның барлығы да GPS навигаторлармен, ал алқаптарға тексеру жүргізетін мамандар GPS-трекерлармен жабдықталыпты. Бұл құрылғы алқаптағы тексеру кезінде шегіртке барын анықтаса, бұл ақпаратты орталық аппаратқа жедел жолдауға және тексерушілердің орналасқан мекенжайын анықтауға мүмкіндік береді екен.
– Бүгінгі күні ОҚО Сарыағаш ауданында алқаптарды тексеру жүріп жатыр. Міне, осы тексерулер 11 сәуірде Марокко шегірткесінің жер бетіне шығуын анықтады. Ол жақта жұмыс істеп жатқан адамдардың аты-жөні GPS-трекерден келіп түсетін ақпараттар шоғырланатын базаға енгізілген. Олардың аты-жөнін тінтуірмен түртіп қалсаңыз, оның қай ауданда, қай аумақта, қанша шақырымды тексеріп шыққанын біле аламыз. Олар бізге Билайн аумағында байланысқа шығып отырады, – деген Ержан Айнабеков баспасөз мәслихаты барысында Сарыағаш ауданында тексеру жүргізіп жүрген мамандармен байланысқа шықты.
GPS-трекер қондырғысы былтыр алғаш рет пайдаланылған екен, тиімділігі дәлелденген соң биыл кеңінен қолданысқа енгізіліпті.
Есте болса, өткен жылы елімізде шегірткемен күрес жүргізілгеніне қарамастан, солтүстіктегі көршімізден ауған шегірткелер егістік алқаптарымызға айтарлықтай зиянын тигізіп еді. Енді сол жағдай биыл қайталанбауы үшін Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас жерлерде шегірткелерді анықтау мақсатында және өңдеу жұмыстарының тиімділігін білу үшін сол елдің мамандарымен бірлескен тексеру жұмыстары жүргізіледі екен. Тарапта осы жылдың ақпан айында Ресейдің Астрахань облысында өткен кездесуде осындай мәмілеге келіпті.
