Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген...

Қазақ халқы шаш күтімін, оны тарауды, өсіруді, өруді үлкен тәрбие мектебі деп түсінген. Дала Мадонналары 13-15 жасында көшпенділердің сән академиясын толық меңгерген. Анасы мен апасы, әжесі бойжеткендердің шашын тістері әр түрлі жануарлардың мүйізінен жасалған тарақпен әдемілеп тарап, сыртынан әсем шаштарақпен бастырып, шашбау мен шолпы тағып, жылтырату үшін шашмай жағып құлпыртады. Қазақ қыз-келіншектерінің шолпы мен шашбауының атқарған қызметін санамалап көрейік. Шашбау дегеніміз – этнограф Сейіт Кенжеахметовтың анықтамасында «Қыз баланың шашымен қоса өрілген моншақты, зерлі, күміс шынжырлы әсемдік бұйым. Шолпы – шашқа тағатын, қымбат бағалы, сылдырмақты, бұрым сәнін келтірген алтыннан, күмістен жасалған әшекей» делінген. Қазақ қыздарының жасы он үшке толғанда қос бұрымына салмақты шашбау қоса өріп, аяулысының тік жүруі, қайқы кеуде, құрық мойын болуын қадағалайды. Ал 13-14 жасында құлағындағы сыңғырлаған сырғаларға асыл тасты бойтұмар, шолпы үндері қосылып, ырғақты әдемі әуен, кішігірім симфониялық оркестр үнін құраған. Шолпы — әйел әшекейлерінің ішінде сәнді әрі күрделілерінің бірі. Қазақ салтында шолпыны қыздар мен жас келіншектер ғана тағады, ал егде тартқан әйелдерге ерсі болған. Халық арасында оның түрлері өте көп тараған. Жас қыздар тағатын үзбелі шолпы, көзді шолпы, шынжырлы шолпы, маржанды шолпы, ақық шолпы, қоңыраулы шолпы деген түрлері бар. Бешпетіне таққан ұсақ тиындар мен теңгелер қыз қозғалғанда шолпыға қосылып сыңғырлап дыбыс береді. Қыздардың жасына қарай әшекейлер кейде толықтырылып, кейде саны қысқарып отырған. Балауса қыздың жүрісін, қимылын, әдептілігін қалыптастыру үшін қоңыраулы шолпыны көбірек қолданған. Астарына үңілсек, қоңыраулы шолпыны таққан қыздар далада жүргенде, қатты күлсе, жүгірсе, шолпы сыңғырлап, дабыл қаққан. Бұл – бір. Ал шолпысына, маржан моншақ таққан қыздар оғаш қимыл жасаса, шолпы моншақтары салдырлап жағымсыз дыбыс шығарып, иесі оқыс қылығын дереу тоқтатқан. Қандай ғажап үйлесім... Шолпының бұл сылдыры оларды елең еткізіп, жинақы болуға мәжбүрлеген. Екіншіден, шолпының әуеніне байланысты ырғақты қозғалысты сезініп, аяғын аңдап басып, қалқып жүруге дағдыланған. Қазіргі тілмен айтқанда, дефиле – көрікті әсем бой түзеуді (осанка), түзу сәнді жүруді арнайы үйрететін модельдер мектебінің рөлін атқарған. Үшіншіден, ауыр шолпы таққанда бас ауырмайтын басқа да емдік қасиеті болған. Төртіншіден, шолпы, шашбау сыңғыры қыз баланың үйге қарай келе жатқанынан хабар берген. Үлкендер жағы артық сөзін тыйып, қыз алдында өздерін тәртіпке шақырған. Бесіншіден, балғын қыздар денесін тік ұстап, бойдағы сенімділікті қайрап, кез келген ортада өзін-өзі еркін ұстай білуді балалық шақтан үйренеді. Алтыншыдан, шолпының салмағының әсерінен шаш ұзын болып өскен, бұл тұжырым биологиялық тұрғыдан расталған ақиқат. Жетіншіден, шолпы мен шашбауды бұрымы тарқатылып кетпеу үшін таққан және ол этномәдени ұғым. Халықта "адам жанының бір ұшы шашында" деген түсінік тағы бар. Осы түсінікке байланысты аналарымыз шаштарын әр жерге тастамай, түскен әрбір талын жинап, мұқият орап, адам баспайтын жерге көміп отырған және аталған ырымның мән-мағынасын қыздары мен келіндерінің жадына жалаң, құрғақ сөзбен емес, ұлттық ұғымға жақын аңыз-әңгімелермен «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деп құлаққа құйып отырған. Міне, әшекейлер әуені осылайша бірнеше міндетті қатар атқарған. (жалғасы мұнда: mtdi.kz)
