Шабындық
Бала кезімде талай әдемілікті көргем. Сол бір әдемілік шабындықта түнде болушы еді. Кеш батып, түн келіп, ай шығатын кездерде айнала ерекше әдімілікке бөленетін. Шабындықтың қақ ортасына шығып, ауаны иіскеп тұратын кездер талай болған еді. Түннің қараңғысы мен айдың жарығы шабындықты бір әсерлі, және де өзгеше түске бояушы еді... Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кәзір де міне есіме түсіріп отырсамда, түстеп айтып бере алмай отырмын... Сөз байлығым жұпыны ғой шіркін...
Бірақ, сол бір сезімдер әлі ойда, жүректе, жадымда... Қара саннан асатын құлпырған көк майса шөпті самал жел қалықтатып, толқындатып қозғап тұрады. Бұл шабындық емес, бұл деген қап қара теңіз, жоқ, мұхит секілді. Сол бойсыз суда мен бір батыл капитан, қатты дауылға шыдап, желкендері жыртылып, бірақ діңгектері сынбаған кемеде жүзіп келгенімді елестетіп тұратын едім. Айнала тым тырыс, анда санда жол жақтан салдырлаған машинаның дауысы, алыстан жымыңдаған ауылдың жарығы... Айнала толған иіс, иіс иіс... Бір жерде неше түрлі иісті жинаған табиғат өте мықты парфюмер... Мия, үшқыр, балапан құрақ... Көбінің атауын білмеймін, ажыратып та білмеймін. Ажыратып та керек емес, тек танауыңды тәңкитіп иіскеп тұра бересің...
Басыңды жоғары көтерсең жарқырап тұрған ай, қара көк барқытты аспанда тұздың түйіршігіндей шашылған жұлдыздар және түпсіз терең, түбі жоқ космос... Темір қазық, Жеті қарақшы... Аспанның ана шетінен мына шетіне жетіп жатқан Құс жолын айтсаңшы... Баяғыда құстар адаспасын деп Тәңір салып берген жол деген аңыз бар...
Сол шабындықта тұрып бала болып талай затты армандаушы едім... Кейбірі орындалды, кейбірі қол жетпес болып қалды...
