ӘШҚҚ есептоптары Жауынгерлік парадқа әзірлік үстінде
Отан қорғаушылар күні құрметіне өткізілетін Жауынгерлік парадта Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің 51809 әскери бөлімі С-125 заманауи көп функциялы зениттік-зымыран кешенінің жауынгерлік мүмкіндіктерін көрсетеді.
Жауынгерлік парадқа дайындық аясында «Отар» 40-әскери базасының полигонында әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің С-125 ЗЗК мамандары жерүсті нысаналары бойынша жауынгерлік оқ атулар жүргізді.
Қазіргі заманғы зениттік-зымыран кешені орналасқан жеріне жеке құрамымен бірге Ақтаудан келіп жетті. Әскери қызметшілер темір жол көлігімен бірнеше мың шақырымдық марш жасаған. Оқу-жаттығу өткізілетін ауданға келіп жетісімен жеке құрам тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқаруға кірісіп кетті.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері есептоптарының жаттығулары түнгі және күндізгі жағдайларда өтуде. Сабақтар барысында есептоптар кешенді өрістету және оны ұшыру мәселелерін пысықтауда. Мұнда уақытқа жұмыс істеу шешуші рөл атқарады.
Бригада командирі полковник Жасұлан Берниязов:
- Барлық нысаналар уақтылы зақымдалды. Көп функциялы кешеннен зымырандарды ұшыру арнайы жерүсті нысаналары бойынша жүргізілді. Әскери қызметшілер күрделі жағдайларда жауынгерлік үйлесу мәселелерін пысықтады. Барлық жаттығулар штаттық режимде өтуде, – деп атап көрсетті.
Шағын қашықтыққа арналған мобильді С-125 зениттік-зымыран кешені жылдамдығы жоғары, төмен ұшатын және өлшемдері кіші әуе нысаналарын 50-ден 20 мың метрге дейінгі биіктікте және 40 шақырымға дейінгі қашықтықта жоюға арналған. Ол сонымен бірге жер үсті нысаналары бойынша оқ атуға қолданылуы мүмкін.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
