Серпіндік студенттер арасында «Аламан» фестивалі өтуде
«Мәңгілік ел жастары- индустрияға»- «Серпін 2050 » мемлекеттік бағдарламасы бойынша Павлодар облысында білім алушы жастар арасында облыстық «Аламан» фестивалі өтуде. Фестиваль мақсаты- мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастар белсенділігін арттыру, жастар арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мен шығармашылық қабілетін арттыру, олардың әлеуметтік бастамаларына қолдау жасау.

24 қазан күні Павлодар химия-механикалық колледжінде «Аламан» фестивалінің «Мамандығым мақтанышым» байқауы өтті. Байқауға әр қатысушы өзінің жазып әкелген эссесің оқып, қорғады. Агрономия саласы, мал шаруашылығы, заманауи техникадағы түрлі-түрлі өзекті тақырыптар қозғалды. Іс-шара қортындысы: І орынды Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Өміржанова Талшын қанжығасына байласа, ІІ орынды Павлодар көлік және коммуникациялар колледжінің студенті Тұңғышбай Сейітжанға бұйырды. Ал, ІІІ орынға Красноармейка аграрлық - техникалық колледжінің студенті Абдулла Баянсұлу ие болды.

Сондай-ақ, «Аламан» фестивалі аясында Павлодар мемлекеттік технологиялық колледжінің ұйымдастыруымен «Мені шыңдаған – Серпін» атты байқауы өткізілді. Байқауға «Серпін – 2050» бағдарламасына қатысатын 7 оқу орны қатысты. Олар Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар бизнес колледжі, Павлодар көлік және комуникация колледжі, Павлодар технологиялық колледжі, Красноармейка аграрлық - техникалық колледжі, Жаяу Мұса атындағы Ақсу колледжі, Палодар химия -механикалық колледжі.

Павлодар облысының Серпін студенттерінің жетекшісі, бүгінгі байқаулардың әділқазы төрағасы Ғабит Хафиздың айтуынша, білім алушы серпіндіктер бұл фестивальге ерекше ынтамен дайындалады.
-Әр оқу орны өздері алдын ала дайындаған бейне түсірілімін және фото суреттерін интерактивті тақтады көрсетіп, жұмыстарымен таныстырды. Әрі республикалық кезеңге дайындықтары жоғарғы деңгейде- дейді Ғабит Хафиз.
Байқаудың нәтижесіне тоқталсақ: І орынды Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері жеңіп алса, ІІ орынды Павлодар технологиялық колледжінің студенттері жеңіске жетті. ІІІ орынға Павлодар бизнес колледжі және Жаяу Мұса атындағы Ақсу колледжі ие болды.
