Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстардың жағдайын білмек болып Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымовты әңгімеге тартқан едік.
- Серікбай Өтелгенұлы, биылдан бастап 2020 жылға дейін «Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспары» бекітілгенін білеміз. Жоспар негізінен қай саланы қамтиды?
- «Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспары» 2012-2020 жылдарға арналған. Жоспар негізінен қаладағы кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру және бизнес климатты жақсартуға, тұрғындар санын оңтайландыруды ескере отырып Жаңаөзен қаласының Бас жоспарын жасақтау, тұрғындардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, экономикалық белсенділікті ынталандыру, экономикалық өсім бар жерлерде жаңа өндірістердің және жұмыс орындарының құрылуына ықпалдастық ету, жаңа елді мекендермен жоғары даму әлеуеті бар елді мекендерді дамыту, қалаға әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жағынан қолдау көрсету, жастардың көңіл көтеруі мен демалуын ұйымдастыру, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ құқықтық тәртіпті нығайту, қоғамдық қауіпсіздік және апаттық жағдайларды ескерту шараларын қамтиды.
- Жаңаөзен - елімізде қабылданған Республикалық моноқалашықтарды дамыту бағдарламасына енген қалалардың бірі. Бұл бағытта қандай шаруалар атқарылды, алда не тындырылмақ?
- Моноқалашықтарды дамыту бағдарламасы аясында 477 млн теңге бөлінді. Бүгінге «Самал» және «Өркен» шағын аудандарын абаттандыру жұмыстары бойынша аулаішілік жаңадан асфальт төселді, жиектастар орнатылды, жаяу жүргінші жолдары салынды және көшелерді жарықтандыру үшін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ кәріз желілерін қайта жаңарту бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қазіргі уақытта «Самал» шағын- ауданында балаларға арналған 2 ойын алаңы салынды және «Рахат» шағын- ауданындағы тамаша құрылыс нысанының бірі «Адайдың алпыс батыры» аллеясының 2-кезеңі бойынша жұмыс аяқталды. Маңғыстау, Қашаған, Достық көшелерін және 3 «А» шағынауданын абаттандыру бойынша жұмыс жасалды. Сонымен қатар 20 аялдаманың негізгі қаңқасын тұрғызу аяқталып, бүгінде құрылысты бітіру бойынша жұмыстар жүргізілуде және қаланың орталық көшелерінде орналасқан 72 үйге сырлау, қаптау жұмыстары жасалды.
Жоспар бойынша «Көктем» шағын- ауданында абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында аулаішілік асфальт төсеу және жиектастар орнату жұмыстары басталды, сонымен қатар №5 және №18 мектептерге спорттық алаңшалар орнату үшін жұмыстар жалғасуда.
- Қазір жұмыссыздық кім-кімді де қысып тұр. Әсіресе, кезінде халқының саны шағын ортаға есептеліп салынғанмен соңғы жылдары ата- қонысқа көптеп көшіп келген қандастардың есебінен күрт өскен Жаңаөзенге оңай болған жоқ. Қала халқының мұншалықты өсуінен жұмыссыздық белең алғаны белгілі. Қазір осы жұмыссыздық мәселесі қалай шешіліп жатыр? «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы өз жемісін беріп жатыр ма?
-Әрине, қаламызда түйінді мәселелер бар. Солардың ең біріншісі - жұмыссыздық. Жыл басында жұмыссыз ретінде 3382 адам тіркелген. Олардың ішінде осы уақытқа дейін 2214 адам жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесіне - 169 адам, қоғамдық жұмысқа - 1249 адам жіберілді. Қаладағы құрылыс жұмыстарына 9 мекемеге 111 адам жұмысқа алынды. Жыл басынан бері жүріп жатқан «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесіне 777 адам қатысты, оның 137-сі жұмысқа қабылданды.
Жұмыссыздық - күрделі мәселе, бір күнде шешіп тастаудың мүмкіндігі жоқ. Бірақ қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Жалпы, бұл мәселені шешуде жеке кәсіпкерлікті де дамыту қажет. Қазір негізгі жұмыс осы бағытқа шоғырландырылып, біз өз ісін бастауға ұмтылған әр азаматқа қолдау көрсетіп, тығыз қатынаста жұмыс жасап отырмыз. «Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамытудың кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің қаулысымен «Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2012-2014 жылдарға арналған арнайы жоспар» бекітілген болатын. Осы жоспар аясында «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерге жеңілдетілген яғни 3 пайыздық несие беруге мүмкіндік туып отыр. Бүгінде кәсіпкерлікпен шұғылдануға мүмкіншілік мол. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаражат алып, өз ісін бастап жатқан азаматтардың ісі баршаға үлгі болады деп ойлаймын.
Сонымен бірге «Өзен - Түрікменстанның мемлекеттiк шекарасы» темiржол желiсiнiң бойында салынған «Болашақ» стансасы қаламыздағы жұмыссыздық мәселесін шешуге өзіндік үлесін қосады деп есептеймін. Ағымдағы жылдың аяғына дейін стансада 85 орындық мектептің, 50 орындық балабақшаның, 80 орындық тұрғын үйдің, 3 дүкеннің, наубайхана мен стадионның, 2 қабатты 85 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыстары аяқталады. Ендеше бұл мекен бойынша біршама жоспар бар.
Жергілікті деңгейде «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының негізінде өз бетінше жұмыспен айналысушыларға, жұмыссыздар және табысы төмен тұрғындарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мақсатында игі шаралар жүзеге асырылуда.
Ағымдағы жылдың басынан бері жұмыспен қамту орталығына бағдарламаға қатысу үшін 165 адам өтініш беріп, 162 адам бағдарлама бойынша қатысушылардың құрамына қосылды.
Бағдарлама аясында жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес 10 адам «аспаздық ісі» және 10 адам «тігін» мамандығы бойынша оқу курстарына жіберіліп, аталған 20 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар жұмыссыздар және табысы төмен азаматтарды «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша 24 адам 2 жыл 10 айға «Каспий педагогика және салалық технологиялар колледжіне» жолдамамен жіберіліп, оның ішінде 20 адам емтихан тапсырып оқуларын бастап кетті. Бағдарламаның екінші бағыты «ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» болса, аталған бағыт бойынша бүгінде 4 жеке кәсіпкерге шағын несие берілді. Яғни 1 адамға мал шаруашылығына, 2 адамға ұлттық киім цехына, 1 адамға шаштараз салонын ашу мақсатында барлығы 10,3 млн теңге қаражат игерілді.
- «Каспий» ӘКК-ның мәліметіне сүйенсек, Жаңаөзенде 50-ден астам тұрғын үй көнерген баспаналар қатарына енгізіліпті. Бұларды жаңалау барысы қалай жүрмек?
- Қазіргі таңда «Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қорытындысы негізінде, Жаңаөзен қаласында 52 тозығы жеткен көп қабатты тұрғын үйлердің саны анықталып, баспаналар 2020 жылға дейін бөлінді және олардың тізімі жасақталып Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарымен бекітілді.
Бекітілген тізім келесі мәліметтермен жасақталды: нысандар атауы, іске қосылған жылы, қабаттылығы, пәтер саны, жалпы ауданы, тұрғындарының саны, бұзуға қажетті қаражат, көшірілетін аумақ, орындалу мерзімі.
Алғашқы 2013-2014 жылдары бұзылуға жататын 17 тұрғын үйге жергілікті бюджеттен 5 млн теңге қаражат қарастырылып, арнайы мамандандырылған «Самғау-Құрылыс-Инвест» ЖШС-ның қорытындысы алынды.
Бүгінде Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне алғашқы 17 тұрғын үйдің қорытындысы танысу үшін жолданып, агенттік өз тарапынан қорытындыны Қаржы министрлігіне қарауға ұсынған.
Осыған орай 2013-2014 жылдары бұзылатын үйлердің тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылуда, кездесу барысында тұрғындарға толықтай және жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта 2013 жылға жоспарланған үйлерді бұзу мақсатында жобалық сметалық құжаттаманы жасақтау жоспарланып отыр.
- Жаңаөзендіктер үшін негізгі күн- көрістің бірден-бір көзі мұнай игеру саласы бойынша екені баршаға аян. Ендеше қазір мұнайдың өндіріс көлемі қандай? Сонымен қатар көп мамандар, шенеуніктер «Жаңаөзеннің мұнай қоры сарқылып келеді» дегенді көп айтады. Болашақта қала халқының негізгі күнкөріс көзі не болмақ?
- Қолданыстағы кен орындарының табиғи түгесілуіне байланысты 2007 жылдан бері мұнай өндіру көлемінің төмендеуі байқалады. Егер 2007 жылы мұнай өндіру көлемі 6,7 млн тоннаны құраса, ал 2011 жылы 5,1 млн тоннаға дейін азайған. Алайда ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 47,4 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6 есеге артқан.
«Ал мұнай қоры сарқылып келеді» дегенге келсек, біз өзімізге қажетті нысанды өз қолымызбен тұрғыза алатындығымызды түсініп, құрылысшы деген құрметті мамандықтың иелері болуға ұмтылатын жастар қатарының алдағы уақытта көбейетініне сенеміз және жастарға кәсіптік бағдар беру жұмыстары жандандырылып келеді. Осы мәселеге орай айта кеткім келетіні, қалада жаңа жұмыс көздерін ашу мәселесі бойынша өзіміздің жерлесіміз, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Л.Қиынов Өзен кен орнының жан-жағынан 50-60 шақырым жерлерге бұрын пайдаланылып, кейін жабылып қалған кен орындарын дамыған елдер тәжірибелеріндегі ірі кен орындарының жұмыстары көрсеткендей, барлау жұмыстарын жүргізу туралы ойларын айтып еді. Егер бұл мәселе қарастырылса, одан да оң нәтиже шығуы мүмкін деп ойлаймын.
- Қалада шағын және орта кәсіпті дамыту барысы қалай өрбіп жатыр? Жалпы, кәсіпкерлерге қандай қамқорлықтар көрсетілуде?
- Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлікті дамытудың арнайы жоспары арқасында бүгінгі күнге дейін комиссия отырысында 23 жоба қарастырылып 843 млн теңге игерілді. Аталған жобалардың өз кәсібін кеңейткісі келетін кәсіпкерлеріміз де жетіп артылады. Оларға жеке-дара тоқталатын болсақ:
- «Өзенкоопсауда» ЖШС-не 5 млн теңгеге қосымша ғимарат салды және жаңадан 5 жұмыс орны құрылды; - «Жаңаөзен политехникалық колледжінің» оқу корпусының құрылысына 45 млн теңге бөлінді және қосымша оқытушыларға арналған 10 жұмыс орны құрылады деп күтілуде:
- «Бөкен» таксопаркін құру үшін автокөліктер сатып алуға 15 млн теңге көлемінде субсидияланған несие алып, нәтижесінде жаңадан 20 жұмыс орны құрылды;
- «Байбол» техникалық қадағалау стансасын ашу үшін 40 млн теңге бөлініп, жаңадан 5 жұмыс орны құрылды. Одан басқа :
- Қаладағы 3 «А» шағынауданда жаңа заманауи аквапарк құрылысы жоспарлануда. Жобаны іске асыру үшін сәйкес жер телімі бөлінді.
- Тағы бір кәсіпкеріміз құс фермасын ашуды жоспарлауда.
Жаңа өндірістерді дамыту және тұрақты жұмыс орындарын ашу үшін 2013 жылы №1 технопаркті ашуды жоспарлап отырмыз. Аталған технопарктен жер телімдерін беру арқылы 20 кәсіпкерді орналастыруға мүмкіндік туады және жаңадан 200-ден аса жұмыс орындары құрылады деп күтілуде.
Қазіргі уақытта қала сыртынан 50 га жер телімі бөлініп, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақтау бойынша жұмыстар жалғасуда.
Бүгінге қызығушылық танытқан кәсіпкерлер тарапынан темір жабындыларын шығару цехы, жылыжай кешені, тері өңдеу цехы, пластикалық құбыр шығару зауыты, мұнайшыларға арналған аяққиім өндіру цехы, бұрандалы болт, гайка, шеге шығару цехы сияқты жобаларды іске асыру бойынша өтініштер түсуде. Сондай-ақ «Төңірекші» агрокешенінде ашық және жабық жылыжайларда тамшылатып суару технологиясының қыр-сырын білетін кәсіпкерлерді орналастыру жоспарлануда. Бұл жоба іске асыру нәтижесінде 150-ден аса адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Аталған жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындау жұмыстары жалғасуда.
Кәсіпкерлердің жұмыс жасауына арқау болатын Жаңаөзен қаласы кәсіпкерлері қауымдастығы құрылып, сәйкес құжаттар халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тіркеуден өтуде, сонымен қатар бұрынғы балалар үйінің ғимаратында Бизнес-инкубатор ашу бойынша жұмыстар аяқталуда. Аталған нысанды күтіп-ұстауға қаламыздағы бірден-бір үлкен кәсіпорын - «ӨзенМұнайГаз» АҚ қамқорлық қаражатын бөліп, қолдау көрсеткелі отыр.
- Жаңаөзен қаласы тұрғындарының болашақта бірден-бір үміт күтіп отырған ірі жобалардың бірегейі бүкіл әлем назарындағы «Кендірлі» курорттық демалыс аймағын жандандыру ісінде қандай тың жаңалықтарыңыз бар? Болашағынан не күтеміз, осыған дейін Кендірлі аймағында қандай жұмыстар атқарылған еді, Кендірлінің болашағына деген жоспары туралы айтып берсеңіз?
- Бүгінде «Кендірлі» халықаралық демалыс аймағын салудың бас жоспары бекітілді. «Кендірлі» халықаралық демалыс аймағы 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының туристік индустриясының қарқынды бағыттарды дамыту бойынша бағдарламасына және Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген.
Тарқатып айтар болсақ, қазіргі таңда келесідей жұмыстар жасалды:
- Сыртқы инфрақұрылым құрылысы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалды және ол бойынша мемлекеттік сараптаманың оңтайлы қорытындысы алынды;
- Республикалық бюджет есебінен жалпы 420,5 млн теңге бөлініп, «Кендірлі» демалыс аймағының және «Кендірлі» халықаралық әуежайының сыртқы инфрақұрылымының құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындау бойынша жұмыстар жалғасуда, оның ішінде:
- «Кендірлі» демалыс аймағына арналған 26000 м кәріздік-тазалау ғимараты;
- «Кендірлі» курорттық демалыс аймағының автокөлік жолдары;
- «Кендірлі» халықаралық әуежайының кәріздік-тазалау ғимараты;
- «Кендірлі» халықаралық әуежайын газдандыру;
- «Кендірлі» халықаралық әуежайының ПС 110/10 кВ подстансасы;
- «Кендірлі» халықаралық әуежайын сумен қамтамасыз ету;
- «Кендірлі» халықаралық әуежайының автокөлік жолдары және т.б.
Сыртқы инфрақұрылым құрылысының жалпы құны техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес 9,3 млрд теңгені құрайды. Сыртқы инфрақұрылым құрылысы жобасын іске асыру Үкіметтің «Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» 2011 жылғы 11 қарашадағы №1321 қаулысымен республикалық бюджет есебінен 2013 жылы басталады деп күтілуде.
«Кендірлі» халықаралық демалыс аймағының құрылысы қарқынды жоба болғандықтан, оның жүзеге асырылуынан күтеріміз көп. Жоба іске қосылса 22 мыңдай жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Аймақтың жобалық қуаты: 23 қонақүй және 22 мың орынға есептелген 4 мың вилла. Сондай-ақ жыл сайын демалыс аймағы 500 мың адамды, ал әуежай жылына 1 млн жолаушыны қабылдайды. Сондай-ақ аталмыш жоба тарихи ескерткіштері мен жәдігерлерінің көптігімен аспан асты мұражайға айналған Маңғыстау өңірінде туризмді дамытуға да септігін тигізеді.
- Осыған дейін Жаңаөзен халқы шеттен келген қандастардың есебінен еселеп өссе, енді табиғи жолмен өсіп жатыр. Яғни облыстағы бала туу көрсеткіші жағынан Жаңаөзен алда тұрған қала. Осыған орай ана мен бала денсаулығын қадағалайтын медициналық мекемелеріміздің жағдайы нешік? Перзентхана құрылысы және өзге де медициналық мекемелер жайлы айта өтсеңіз...
- Жаңаөзен қаласы бойынша жылдан-жылға туу санының өсу тенденциясы сақталуда. 2012 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша туу саны 2869-ды құрап, туылған бала саны 2895-ке жетті.
Ана мен бала денсаулығын қадағалайтын негізгі медициналық мекемелеріміз - қалалық перзентхана, қалалық емхана және қалалық балалар емханасы болып табылады. Медициналық бақылау және емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмектер, медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті, алайда мамандар жетіспеушілігі бар.
Қазіргі қолданыстағы перзентхана 1972 жылы салынған және ағымдағы жылдың соңына дейін республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 100 орынға арналған жаңа заманауи перзентхана құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Бүгінге медициналық мекемелер саны артып Қызылсай және Теңге ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар іске қосылды, сонымен қатар «Рахат» шағынауданында жаңа емхана құрылысы басталды.
- Білім ошақтарында қандай жаңалықтар бар? Мәселен, мектептер салу, балабақшалар құрылысы, балаларды балабақшамен қамту мәселелері қалай шешіліп жатыр?
- Бүгінгі қазақстандық білім беру жүйесі өзінің жаңғыру бағытына сәйкес оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың жас ұрпақты ақпараттық технологиялар, жедел дамушы ғылыми экономика, азаматтық қоғам, демократиялық мемлекет, индустрияландырудан кейінгі өркениет жағдайында өмір сүруге дайындауға ықпал ететін жаңа үлгілерін іздестіру үстінде. Бұл жұмыстар жыл сайын дамып келеді.
Үкіметтің 2008 жылғы 19 қыркүйектегі №865 қаулысымен бекітілген Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық даму проблемаларын шешу жөніндегі 2009-2012 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес қаламыздың білім беру саласында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Жаңаөзен қаласының өзекті проблемаларының бірі балабақшалардағы балаларға орын тапшылығы. 2008 жылы қаладағы мемлекеттік мектепке дейінгі балалар ұйымдарының саны 8-ді құраса (жобалық қуаты - 1540 орын), Кешенді жоспардың аясында балабақшалар салынуына және «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бұрынғы балабақша ғимараттары кері қайтарылуына байланысты, мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар саны 2012 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша 16 болды (жобалық қуаты - 3320 орын), балабақшалардағы орын саны 46,4% өсті, 2012 жылдың аяғына дейін Кешенді жоспарға сәйкес 640 орындық 2 балабақша («Жұлдыз» ш/а 320 орындық, «Бостандық» ш/а 320 орындық), «Қазақстан теміржолы» АҚ-ның демеушілік есебінен 640 орындық 2 балабақшаны пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ 2008 жылы балабақшалардағы қызметкерлер саны 448-ден, 2012 жылы 974-ке дейін көбейді, жаңа 526 жұмыс орындары ашылды. Аталған нысандар іске қосылған жағдайда қосымша 960 орынға көбейіп қала бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен бүлдіршіндерді қамту (мектепалды даярлық тобымен қоса алғанда) саны 7148 балаға, яғни 62 %-ға артады.
Оқыту сапасын қамтамасыз етудің басты факторларының бірі - білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту болып табылады. Жаңаөзен қаласы бойынша соңғы 5 жыл ішінде 5 мектеп ашылып, жалпы жобалық қуаты 4284 орынға артты.
Биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 2657 бала қабылданды (өткен 2011-2012 оқу жылында 2612 бала), олардың барлығы мектеп формасымен және ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етіледі.
Қаладағы лицей және гимназиялар республика көлеміндегі үздік 100 мектеп қатарында келеді.
Балалардың жазғы демалысына келетін болсақ, «Жаз-2012» демалыс және еңбекпен қамтылу шараларына барлығы 15796 балалар мен жасөспірімдер немесе 7-15 жас аралығындағы оқушылардың 85%-ы қамтылды.
Бүкіл елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды мемлекеттік бағдарлама «Жол картасы - 2011» бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен барлығы 491542,0 мың теңге қаржы бөлініп, қаладағы білім нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы №4 орта мектеп мемлекеттік мекемесіне «Жол картасы-2012» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуді жүргізуге жергілікті бюджеттен 129,0 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстарының І кезеңі аяқталды.
Биылғы жылы 35 жас маман жұмысқа қабылданды, оның ішінде облыс әкімінің гранты бойынша 4 жас маман ауыл мектептеріне орналастырылды.
- Еңбектеріңізге жеміс тілеймін. Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Тельман БЕЙСЕНОВ