Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Серік АХМЕТОВ, Премьер-министр: Біз мемлекет басшысының сенімін ақтауға міндеттіміз

 
 

28.09.12.

Серік Ахметов Премьер ретінде жаңа қалыптастырылған Министрлер кабинетінің тұңғыш отырысын өткізді. Осында ол Үкімет мүшелеріне масайрап, арқаны кеңге салмауға қадап, кеңес берді. Мәсімов Үкіметінде болған министрлердің көбі өз креслоларында қалғаны мәлім. Алайда оларға мұның «мәңгілікке» еместігі ескертілді. «Бүгінгі күннен бастап, Үкіметтің барлық мүшелері үшін жұмыстың жаңа кезеңі басталады! - деді жиынды ашқан Серік Ахметов. - Бізге Елбасы үлкен сенім көрсетіп отыр. Және де тек маған ғана емес, осы отырған барлығымызға! Сондықтан біз мемлекет басшысының биік сенімін ақтауға міндеттіміз».

Ел басшылығы Үкіметтің дәл осы құ­рамы, дәл осы командамен Қазақстан алдында тұрған жаңа міндеттерді жасам­паздықпен шешуге қауқарлы деп шешіпті. Алайда біраз уақыттан кейін әр министр­ліктің жұмысы жеке-жеке бағаланбақ. Сонда кемшіліктер кездесіп, олқылықтары әшкереленсе, ішінара ауыс-түйіс жүруі мүмкін.
- Біз өз Үкіметіміздің тиімді жұмыс жасауға және Президенттің атқарушы билік алдына қойған міндеттерін ұтымды шешуге қабілетті екендігін дәлелдеуге тиіспіз! - деп шегеледі С.Ахметов. Ол жа­ңа Министрлер кабинетіне сабақ­тас­тықты сақтау жүктелгендігін еске салды. Яғни бұған дейін қабылданған страте­гиялық бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастыруы қажет. «Біздің Үкімет ал­дыңғы Үкіметте түзілген тәжірибені пай­даланатын болады» деді жаңа Премьер.
Серік Нығметұлы «Үкімет мүшелерінің негізгі бөлігі өз орындарын сақтаған­ды­ғын» айта келе: «Алайда бұл арқаны кеңге салуға себеп емес, керісінше, бұл қызметі­міз­ді жандандыруға түрткі болуға тиіс­ті, - деді. - Біз Елбасының барлық тапсырмаларын нақты және жедел орын­дауымыз қажет!» Осылайша жаңа Пре­мьер бұған дейін түзілген тәртіпті қа­таң сақ­тай­тындығын анық аңғартты.
Жаңа Үкімет басшысы Парламентпен, билеуші «Нұр Отан» партиясымен сындарлы өзара іс-қимылды ары қарай жал­ғас­тыратындығын атап өтті. Қалаулылар мен Үкімет мүшелері арасындағы осындай тығыз әрі өзара түсіністікке құрылған қарым-қатынас жаһандық дағдарыс тұ­сын­да жедел шаралар қабылдап, қиын­дықтан құтылуға мүмкіндік берді. Қазақ­стан Көшбасшысы әлемдік күйзелістің келесі толқыны соғады деп күтіліп отыр­ған қазіргі шақта қос билік арасындағы осы ынтымақтастықты құлдыратып алмай, қайта күшейтуді тапсырған. С.Ахметов те «Үкімет пен Парламент арасында қазігі кезде өзара ықпалдастықтың жақ­сы форматы қалыптасқан» деп баға­ла­ды.
- Біз әлемдік дағдарыстың қайталану қаупін жоққа шығармауға тиіспіз, - деді бұл ретте Серік Нығметұлы. - Үкімет қа­дам-қадам бойынша нақ жазылған дағдарысқа қарсы жоспарды әзірледі, ол экономиканың өсімін сақтауға және тұрақты макроэкономикалық жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған. Біз әлем­дегі ахуалға мұқият мониторинг жүргізуді жалғастырамыз және жаһандық эконо­миканың дамуындағы барлық қатерлерге үн қатамыз.
Президенттің жаңа Үкімет құрамын жеделдетіп бекітуі үшжылдық бюджеттің уақытынан кешікпей, іске қосылуына жол ашты. Заң шығарушы билікке 2013, 2014 және 2015 жылдардың басты қар­жылық құжатын Мәсімов Үкіметі енгізген болатын. Осыдан бір апта бұрын қалау­лылар оны Үкімет мүшелерімен талқы­лауды бастаған еді. Ал жаңа Үкіметтің тез іске кірісуі арқасында депутаттарға тіпті бюджетті әр сала бойынша қарау кестесін өзгертудің де қажеті болмапты. «Парламентке енгізілген жаңа үшжылдық бюджет жобасы, Президенттің тапсырмасы бойынша барлық қабылданған бағдар­ламаларды тиімді жүзеге асыруға бағдар­ланған. Біздің бірінші кезекті міндеті­міз - осы құжатты депутаттармен бір­ле­сіп, қабылдау!» деп тапсырды Үкімет мүшелеріне С.Ахметов.
Ахметов басқаратын Үкімет Қазақ­станды «жаһандық еркін сауда кеңісті­гіне» алып кіруі қажет! Осы орайда жаңа Премьер БЭК және еліміздің алдағы ДСҰ-ға енуі аясындағы интеграциялардың тиімділігін қамтамасыз етуді жүктеді.
Ахметов жетекшілігіндегі Үкіметтің еншісіне Қазақстан Көшбасшысының жаңа идеологиясын іске асыруды бұйы­рып отыр. Осы орайда жаңа Премьер ұлт­тық заңнаманы өзгерту қажеттігін мәлім­деді. Өмірге жолдама алатын заң­дық өзге­рістер Президенттің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты ма­қаласында айтылған қоғамды әлеу­мет­тік жаңғыртуға ықпал ететін көрінеді.
Серік Ахметов 2020 жылға дейінгі Қа­зақстан дамуының стратегиялық жоспарына сәйкес, бес басты бағыт айқын­дал­ғандығын, индустрияландыруға, тұр­­ғын үй құрылысына, білім беруге, ден­саулық сақтауға, ауызсуға, жұмыспен қамтуға қатысты барлық қажетті мемле­кеттік бағдарламалардың қабылданған­дығын Үкімет мүшелерінің есіне салды.
- Біздің міндетіміз - осы бағдарлама­лардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, - деді жиналғандарға Серік Ахметов. - Бастысы - олардың қайтарымы бо­­лу­ға тиіс! Егер біз күтілген нәтижені көр­ме­сек, онда уақыт созбай, ол бағдар­ла­маға бөлінген бюджет қаражаттарын басқа салаға қайта бағыттауымыз қа­жет, - деген ол Үкімет мүшелеріне барлық бағдар­ламалардың орындалу барысына талдау жүргізу, қажет болған жағдайда, Үкіметке оларға түзетулер енгізу бойынша ұсыныс жасау туралы тапсырма берді.
Жиын соңында С.Ахметов Министр­лер кабинетінің барлық өкілдерін, өңірлік дамуға екпін түсіретін жаңа ұстанымдарға сәйкес, аймақтармен белсендірек жұмыс жүргізуге шақырды.
- Үкіметтің қызметіне жататын, күш­ті сарқа пайдалануды талап ететін басқа да маңызды салалар туралы да ұмытпауға тиіспіз! Президент бізді нәтижеге бағдар­лап, нұсқау берді. Бізден нақты жұмыс істеуді күтіп отыр. Біз Мемлекет басшы­сы­ның осы үмітін ақтауға тиіспіз, - деп жиынды қорытты Премьер-Министр Серік Ахметов.
Жаңа Үкіметтің бірінші жиыны осымен тәмамдалды. Министрлер өздеріне жүк­телген істерге қызу кірісетін ынта-ыңғаймен тарасты.

Айхан ШӘРІП


0
0
393

Осы тақырып бойынша