Сенбегеннің өзі сенімсіз
Сенбеудің өзін сенімсіздік тудырады. Өзіңе деген сенімсіздік. Кімге сенбейміз? Ағынан жарылып, көңілін білдіргенге, сезімін айтып, сөзін бергенге сенбейміз. Өйткені сенімнің соңы өкінішке, сезімнің соңы өкпеге əкелген. Талай рет көңіліміз қалып, үмітіміз үзілген. "Соңғы аялдамам" осы деп үміттенген кезде, ол "автобустың" да бағыты өзгеріп, "қаланың өзге көшелерін шарлап" кете берген. Ғашықтықтың соңы - некемен біту керек, қалғанына күшіңді жұмсап қажеті жоқ, - дейді. Бар эмоцияңды, уақытың мен энергияңды жарым болар деген қанша жарға сарп еттің. Қанша адамның көзінен жылулық іздеп, осы ма менің күткенім, осы ма менің жартым,- деп өзіңнің тағдырыңды аманаттап тапсырар жігітті іздедің. Жараланып, жығылып, тартысып, соңында шаршап, жалығып бəрін тастап келдің. Жарты жыл, бір жыл, кейде тіпті бір ай, бірнеше күннен соң басқа "талас-тартыс". Неге? Біз асығып, өзімізді аямаймыз, ағзамызды əбден қинап, миымызды тынықтырмай, жүрегімізді жаралай береміз. Өзімізге уақыт жоқ. Тек өзгемен болсақ болғаны...Осыдан шаршап, əбден қиналған, алданған, опық жеген, күйінген жүрек енді ешкімге сенбейді.
