Сенаторлар Әскери-теңіз базасында болды
Бүгін Ақтауда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшелері ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің базасында болды. Сапардың мақсаты әскери-теңіз бөлімінің материалдық-техникалық базасымен және жеке құрамның жауынгерлік дайындық деңгейімен танысу болып отыр.
Жұмыс сапарының бағдарламасына сәйкес сенаторлар үшін еліміздің Әскери-теңіз күштері туралы брифинг ұйымдастырылды. Онда меймандарға әскери теңізшілердің күнделікті қызметі мен келешегі туралы толыққанды мәлімет берілді. Сонымен қатар, «Қазақстан инжиниринг ҰК» АҚ және «Зенит» Орал зауыты» АҚ-ның басшылары депутаттарға мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.
ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Жандарбек Жанзақов:
– «Бүгінде Қазақстанның Әскери-теңіз күштері жүктелген тапсырмаларды орындау мен теңіздегі мемлекеттік мүддемізді қорғауға дайын. Оған мысал ретінде «Шағала-2013» оқу-жаттығуында біздің теңізшілеріміздің алдарына қойылған жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындай алатындарын тәжірибе түрінде тағы бір көрсете алғанын айтуға болады.
Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы біздің алдымызға отандық қорғаныс өнеркәсібін дамыту туралы нақты тапсырма қойып отыр. Қазірдің өзінде «Зенит» Орал зауыты» АҚ-да өндірілген «Қазақстан», «Орал» зымыранды-артиллериялық кемелері жауынгерлік тапсырмаларды орындауда».
Жұмыс сапары шеңберінде сенаторлар «Қазақстан», «Орал» зымыранды-артиллериялық кемелерімен теңізге шығып, отандық қорғаныс өнеркәсібі өнімдерінің жауынгерлік мүмкіндіктерін бақылады. Бұл кемелер Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі жауапкершілік аумағында мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға арналған. Кеме зымыранды-артиллериялық қару-жарақпен, заманауи байланыс құралдарымен, навигациялық және штурмандық қару-жарақпен жарақтандырылған.
Депутаттардың Маңғыстау облысына жұмыс сапары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2013 жылға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отыр.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
