02.11.12.

Сенаторлар бір «құпия сырдың» бетін ашты. Қазақстанда мектеп салынады. Әу баста ол бойынша бір компания төмен бағасы арқасында тендерде жеңіске жетеді, алайда құрылысы ортасынан ауғанда, «материалдары қымбаттады, құрылысы күшейтілді» деп, мектепті салушы қосымша миллиондар талап етіп, қол жайып, отырып алады. Ел Үкіметі талай жыл бас қатырып, бұл кесірді қалай тию жолын білмей келген. Сөйтсек, оның кейбіріне Ташкент сәулетшілері «кінәлі» болып шықты! Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Жоғарғы палатаның кешегі жалпы отырысында тағы бір елең еткізген ақпар айтылды: Қызылордада «Гитлердің бункері» салынып жатыр екен.
Үкіметтің Парламенттен «секреттері» көбейе бастады. Биік лауазымды шенеуніктер қалаулыларға жалаң заңды алып келеді де, оны айқындаушы материалдарды көрсетпейді. Олардың мазмұнын сұраса, түлкібұлаңға салып, айтпайды. Тықақтап сұраған депутаттарға: «Сіздің сұрауыңыз бойынша кейін жазбаша түрде ұсынамыз» деп жалтарады. Бір ғажабы, жоғары мансапты шенділер депутаттардың осал жерлерін дөп басады. Осы жолы да олар «Қазақстанның Бюджеттік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын Парламентке үш жылдық бюджет жобасымен қосақабат енгізген. Аталған заңға қатысты кеше сенаторлардың да көптеген қарсылықтары туындады.
Бірақ Үкіметтің ұсынғанын қабыл алмасқа шара жоқ: Үкімет қаржыгерлері мен экономистері Қазақстанның үш жылдық «әмиянын» әлгі заң Бюджет кодексіне енгізетін жаңалықтарына құрып, қалыптастырыпты. Яғни Парламент заңжобаны қабылдамай тастаса, алдағы үш жылдың басты қаржылық құжаты да қабылдана алмайды. Бюджетті қабылдамаса, бір тоқтамға келе алмаса, ел басшылығына Парламентті таратуға тура келеді.
Оның үстіне депутаттардың көкірегін «осы, Үкімет Парламентті ауыстырғысы келіп отырған жоқ па?» деген күдік-қорқыныш кеулей бастады. Оны бірқатар депутаттар ашық айтты. Мұның мәнісі мынада: «Бюджеттік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңның жобасы бізде бұрын-соңды болмаған «шартты қаржыландыру» деген жаңалықты енгізбек. Яғни енді бірқатар істерді қаржыландыру нақты емес, шартты сипатқа ие болады: бұлайша қаржыландырылатын бағдарламалардың, жобалардың тізімі бюджетке кіреді, бірақ олар ел қазынасына қосымша түсім түссе ғана қаржыландырылатын көрінеді.
Бұған дейін, яғни қазір басқа тетік жұмыс істейді: егер қосымша түсім түссе, ел Үкіметі оларды қайда бөлетіндерін көрсетіп, ендігі бекітілген бюджеттің жаңа жобасымен Парламентке қайта келеді, рұқсатын алады. Ал депутаттардың айтуынша, «шартты қаржыландыру» тетігі ел Үкіметіне депутаттар алдына келмей-ақ, түскен қаржыны «шартты қаржыландырылатын шығыстар тізіміне» кіргендерге бағыттай салуға мүмкіндік бермек. Қосымша қаражаттарды енді Үкіметте Республикалық бюджеттік комиссия бөліске салады.
- Біз соны заңдастырғалы отырған сияқтымыз. Сонда қалай болғаны? Парламенттің рөлін қандай дәрежеге дейін төмендеткелі отырмыз. Осыған түсінбеймін, - деп дабыл қақты сенатор Қ.Айтаханов.
Ең сорақысы сол, жауапты шенеуніктер «шартты қаржыландырудың» қандай тәртіппен айқындалатындығын түсіндіретін материалдарды депутаттарға да бермепті. «Оны неге біз бүгін білмейміз? Парламент білуі керек қой? Неге ол тәртіп бізге, осы заңмен бірге, қосымша берілмейді?» деп мазасызданды сенатор Қуаныш Айтаханұлы.
Заң жобасын Парламентте қорғауға жауапты Экономикалық даму және сауда министрі «шартты қаржыландырудың» мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік жаңа нысандардың құрылысына сеп болатындығын алға тартты: сондай кейбір жобаның құрылысын қаржыландыру кей жылдары бюджетке кірмей қалатын, енді мына тетік арқасында ондай оқиғалар сиремек.
- Сіз Мәжілісте сөйлеген сөзіңізде: «Біреулердің сметасы көтерілді, бітіре алмағандықтан, ақша сұрап жатыр» деп айтыпсыз, - деп министрге қайырылды сенатор Қожахмет Баймаханов. - Мен осыны түсінбеймін де. Құрылысшы ретінде, бұрынғы әкім ретінде де айтып отырмын. Менің түсінбейтінім, 1 миллиард тұратын мектеп құрылысы аяқталғанша бір жарым миллиардқа барады. Қалай?! Рұқсат етілетін шек бар, құны миллиардтық мектепті 1 миллиард 50 миллионға салуға келісуге болады. Ал жарты миллиардқа қымбаттау... Осы соңғы уақытта өте көбейіп бара жатыр.
Қожахмет Баймаханов қымбаттау себептерін іздепті: «Жақында мен Қызылорда қаласында бюджет есебінен салынып жатқан құрылысты барып көрдім. Ол деген анау «Гитлердің бункері» сияқты! Толған арматура, жатқан бетон! Жалпы, Қызылорда қаласының сейсмикалық жағдайы 5 балға дейін деп көрсетілген. Кеңес өкіметі кезінде Қызылордада монолиттік бетон, монолиттік балка, монолиттік колонна деген мүлдем болмаған. Осы соңғы кезде ақша көбейгеннен бастап, мына Тәшкеннің архитекторлары келе бастады. Ал Тәшкенде 9-12 балл! Өзбектер содан 9-12 балға есептелген бағдарлама бойынша компьютерге «салып» кеп жібереді де, содан 9-12 балға төтеп беруге тиісті мектептің жобасы шыға келеді» деген сенатор өзбектердің онысын Оңтүстік Қазақстанға емес, «Тәшкенге есептелген проекті» деп шорт кесті.
Нәтижесінде, Қ.Баймахановтың айтуынша, өзбектердің солайша жобалауы кесірінен, біріншіден, жоба қымбаттайды. Екіншіден, құрылыстың мерзімі 1,5 есе дерлік артады. «Өйткені құйылған балка 28 күн қатуы керек! Мен айтамын: «Айналайындар-ау, бюджеттің ақшасын аямайсыңдар ма? Мынау не, істеп жатқандарың?» деп күйінді сенатор. - Оу, Кеңес өкіметі кезінде салған құрылыстар аман-есен тұр ғой! Әлде де олар тұрады сол жерде» дей келе, ол осыған Үкіметтің назар аударуын сұрады.
Бұған қоса, Сенат депутаты Үкіметке мектеп, аурухана сияқтыларды әр жерде әр алуан түрлендірмей, бір типте салуды ұсынды: «Аурухана, мектеп болсын, орталықтан бірыңғай жоба шығарсаңдаршы! Әйтпесе әр облыс өзінше жоба жасайды. Неге бюджет есебінен әртүрлі ауруханалар салуымыз керек? Неге бюджет есебінен салынатын ұқсас нысандар бір облыста 1 миллиард, екіншісінде 1,5 миллиард тұрады. Неге 1 облыста беті керамогранитпен қапталады, екінші облыс бетін «алтынмен» аптайды? Жекенің салған ақшасы болса, мен түсінер едім. Не істесе, оны істесін! Ал мынау - халықтың ақшасы ғой?!»
Экономика министрі бұл ұсыныспен келісті.
Заң жобасын Сенат бірінші оқылымда мақұлдады.
Айхан ШӘРIП