ru
Мемлекет
Мемлекет
2 220 жазбалар14 тіркелуші
0

Сенат ЖОО сапасын жұмысқа орналастырылған түлектердің саны бойынша бағалауды ұсынады

Түлектерді іс жүзінде жұмысқа орналастыру көрсеткіші Қазақстандағы ЖОО жұмысын бағалау критерийлерінің бірі болуы тиіс, деді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмыспен қамтудың жол картасын құқықтық қамтамасыз ету тақырыбына өткен дөңгелек үстел барысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев «2015 жылғы 30 қарашадағы ҚР Президентінің жолдауы тұрғысынан жұмыспен қамтудың жол картасын құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» тақырыбына өткен дөңгелек үстел барысында жұмысқа орналастырылмаған қазақстандықтардың жалпы санының 38%-ын құрайтын жастардың жұмыссыздығы проблемасына назар аударды.

«Әсіресе бұл жұмыс тәжірибесі мен тиісті дағдыларының болмауына байланысты, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігі анағұрлым аз ЖОО түлектеріне қатысты. Бұл жерде білім беру жүйесінің еңбек нарығымен байланысының болмауы туралы сөз қозғалып отыр – жұмысқа орналастырылғандар үлесі бұрынғысынша төмен деңгейде. Кадрларды даярлау қазіргі жұмыс берушінің қажеттіліктеріне сәйкес келуі тиіс», — деп атап өтті Сенат спикері.

Қ. Тоқаевтың айтуы бойынша, жастардың жұмыссыздығын жеңу үшін негізгі мүмкіндіктер шағын және орта бизнесті дамыту саласында жатыр. Сенат спикері ЖОО-ның 80%-ында кәсіпкерлік және инновациялар бойынша міндетті немесе факультативтік курстары бар Қытайды мысал ретінде келтірді. Онда осы саладағы жобаларды іске асыру үшін арнайы қорлар ашылған, ал талап етілетін бағдарламаларды іске асыру үшін Қытайдың жоғарғы оқу орындары жұмыс берушілерді тартады.

«Бірқатар еуропалық елдерде білім басқармасының реформалары оның нәтижелілігін бағалауды ескере отырып, бюджет қаражатын пайдалануды қамтиды. Мысалы, Германияда өз түлектерінің 70 пайыз жұмысқа орналастырылуын қамтамасыз етпейтін оқу орны бюджеттік қаржыландырудан айырылады. Түлектердің іс жүзінде жұмысқа орналастырылуының көрсеткіші біздің елімізде ЖОО жұмысын бағалау критерийлерінің біріне айналуы тиіс», — деп атап өтті парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы.

БҰҰ бағалауы бойынша, ағымдағы жылы әлемдегі жастар жұмыссыздығының деңгейі жарты миллионға ұлғайып, 71 млн. адамға жететінін атап өтейік. Жастар жұмыссыздығының проблемасы Қазақстан үшін де өзекті болып табылады және ол баса назар аударуды талап етеді.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz