Семейде Әскери әуе күштерінің жаңа авиациялық базасы ашылды
Семей қаласында жаңа әскери авиациялық база ашылды. Осы оқиғаның құрметіне орай әскери аэродромда авиабаза жеке құрамының қатысуымен салтанатты жиын болып өтті. Оған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының, Семей қаласы әкімдігінің өкілдері және Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты.
«Бескөл» теміржол бекетінен «Жаңа Семейге» 40-тан астам теміржол платформасынан тұратын эшелон Үшарал авиабазасының авто және арнайы техникаларын, сондай-ақ әскери мүліктерін тасымалдауды 1 шілдеде бастады. Қазіргі уақытта тасымалдау толық аяқталды.
Жуырда ғана Үшарал авиабазасынан Ми-24 тікұшақтары «Жаңа Семейдегі» тұрақты орналасатын жеріне ұшйып келді.
Осыдан он жыл бұрын Семейде әскери авиабаза болғанын атап өту керек. Енді, міне, Семейге кез келген жағдайда Отанымыздың әуе кеңістігін қорғау жөніндегі тапсырмаларды орындауға және Құрлық әскерлерінің шығыс өңірде шоғырланған бөлімдеріне әуеден қолдау көрсетуге дайын жауынгерлік авиация қайта келді.
Әскери әуе күштері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Еркін Жұмағалиев жеке құрамды әскери бөлімнің ашылуымен құттықтады. Ол көші-қонды сәтті ұйымдастырған жеке құрамға алғысын жеткізіп, жаңа әскери бөлімге сәттілік тіледі.
Әскери авиаторлар таяу күндері ұшып-қонудың жаңа ауданын игеріп, жауынгерлік әзірлік жоспары бойынша оқу-жаттығу ұшуларын бастайтын болады.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
