Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Семантикалық сөзжасам парадигмасы

Бір түбір арқылы пайда болған туынды сөздердің мағынасы бір- бірінен бөлек бола алмайды, бір-бірімен сабақтасып, уәжділік қағидатына негізделіп жасалады. Мұның өзі семантикалық сөзжасам табиғатының омоним ұғымымен шектесе алмайтынын көрсетеді. Сөз мағынасының конверсиялық жолмен жаңа доминант мағынаға өтуі аз уақыт мөлшерінде іске асатын құбылыс емес. Тілдегі табиғи даму нәтижесінде, яғни сөздің қызметі өзгеруі арқылы болатын транспозиция құбылысына сәйкес бірте-бірте орындалатын күрделі де терең үдеріс. Транспозициялық құбылыстар –субстантивтену (заттану), адвербиаландану (үстеулену), адъективтену (сын-сапалану), вербалдану (етістіктену), прономиналдану (есімдіктену) арқылы сөз мағынасының сөйлемдегі қызметіне сай өзгеруіне тікелей байланысты. Транспозициялық құбылыстар контексте толық мағынада да, окказиональды мағынада да жұмсалады, кейін окказионалдық мағына тұрақтанып, толық жаңа мағына жасайды. Сөздің, алдымен, синтаксистік деривация нәтижесінде контекстік жеке мағынаға ие болуы, келе-келе ол мағына нақтылана түсіп, тұрақтанып, лексикалық деривация деңгейіне жетуі теориялық жағынан дәлелденген қисын. Тіл білімінде сөзжасамның синтаксистік және лексикалық деривациялық деңгейлері болатыны туралы алғашқы пікір айтқан ғалым Е. Курилович еді. Автор еңбегінде сөз мағынасында болатын семалық өзгерістің реңін қызметімен тығыз байланыста қарастырған.

Сөздің контексте келу мәніне орай, сөйлемдегі қызметі өзгереді, сөйтіп мағыналық жағынан екіншілік реңкке ие болады ( мыс.: жақсы бала, Бала –жақсы оқиды). Мұнда сөздің лексикалық мағыналарында айтарлықтай айырмашылық болмайды, тек сөйлемдегі қызметі өзгереді. Осы қызметте жиі жұмсалу барысында, сөз мағынасында қызметтік реңк орнығады да, алғашқы мағынасынан басқа ерекше номинативтік белгінің семасы сіңеді. Негізгі семадан өзге жаңа жіктеуші мағыналар орныға бастайды. Пайда болған лексикалық деривациядағы туынды сөздің мағынасы түбір сөздің мағынасымен тепе-тең келе алмайды. Тұлғалық жағынан ешқандай өзгеріске түспей-ақ, мағыналық байланыстылығы мен негізділігін сақтай отырып, туынды мағынаға көшуін, олардың мағыналық ерекшелігін тек контексте ғана айыруға болады. Яғни сөздің мұндай мағыналық дамуы, сөйлемдегі қызметімен тікелей байланысты болады. Семантикалық сөзжасам негізінде жасалған туынды сөздердің мағынасы сөйлемде туындайды, сөйлем ішінде анықталады. Жеке тұрғанда конверсиялық сөзжасамдарды бір-бірінен айыру мүмкін емес, өйткені тұлғалануы бірдей. Демек, семантикалық сөзжасамның негізінде жасалған туынды сөздің мағынасын нақты айқындау үшін, контекстің рөлі ерекше деп атап көрсету қажет. Сөз жасалып, туынды мағына пайда болғаннан кейін, арнайы морфологиялық тұлғаларды қабылдап, жіктеле дамуы - номинативтік атаудың жасалғандығының айғағы. Транспозициялық құбылыстар тұлғалардың категориялық жағынан өзгеруі мен лексикалық мағынасының жаңа сапалық семаға дамуын, жеке номинация ретінде орнығуын қамтамасыз етеді.

Семантикалық даму мен сөзжасамдық құрылымның дамуында органикалық байланыс бар. Әрбір сөздің сөзжасамдық әлеуеті немесе сөз тудыру парадигмасы мынандай факторлар арқылы айқындалады: · түбір сөздің лексикалық мағынасы; · туынды сөздің сөзжасамдық мағынасы; · сөзжасамдық құрылымның дамуы.

Осы тұрғыдан қарастырғанда, тұлғаның сөзжасамдық қасиетін дұрыс бағамдау үшін, сөзжасамдық ұяның немесе себепші негіздердің категориялық сипатын анықтау қажет. Себепші негіздегі сөздің категориялық сипаты мен туынды сөздің грамматикалық сипатының өзгеше болуы, бірақ тұлғалық жағынан еш өзгеріссіз қалуы транспозициялық үдерістердің орындалғандығын айқындайды. Транспозицияның кез келген түрінің орындалу сипатын шартты түрде екіге бөліп көрсетуге болады: 1) Толық транспозиция; 2) Окказиональды транспозиция.

Толық транспозиция тілдің ұзақ даму үдерісінде, сөздің қызметтік жағдайында ғана емес, жекелей тұрғанда да жаңа дара мағына ретінде ұғыныла алатындығымен айқындалады. Толық транспозиция – сөзжасамдық мағына жасалғанда, жаңа номинативті мағына туғанда ғана мүмкін болады. Мұндай сөздер толық мағыналы сөз ретінде жалпы халықтың деңгейде қолданылады, номинациялық талаптарға толық жауап бере алады.

Окказиональды транспозиция контекстегі сөздің қызметімен байланысты. Бір сөз табындағы сөздер контексте басқа сөз табының грамматикалық категорияларымен түрленіп, уақытша сол сөз табының қызметін атқара алады. Ауызекі тілде де, жазба тілде де окказиональды мән жиі ұшырасады. Окказиональды транспозицияның өмір сүретін ортасы -тек контексте. Сөздің контексте пайда болатын мағынасы туралы Е.З. Қажыбеков былай деп жазады: «Именно контекст актуализирует виртуальное значение лексемы, именно конкретное употребление придает слову определенную семантику, хотя и не следует забывать того, что контекст не определяет, а всего лишь предопределяет выбор конкретного значения полисемантического слова» [179, 113]. Окказиональды транспозиция кезінде сөзжасамдық мағына туындамайды, тек оның бастау нүктесі, қайнар көзі сияқты рөл атқарады. Онсыз толық транспозиция жасала алмайды. Толық транспозицияның жасалуы үшін окказиональды транспозицияның атқаратын рөлі маңызды саналады.

Сөзжасамдық аспектіде қарастырылатын, негізінен, толық транспозиция. Транспозицияның бір түрі - сөздердің субстантивнтену (заттану) құбылысы. Зерттеушілердің пікірінше, толық заттанған сөздер окказиональды сөздерден демонтивациялану деңгейі мен относительді жиі қолдануымен ерекшеленеді. Сөз мағыналары толық заттанғанда, олардың категориялық семалары заттық семаға өтеді де, доминанттық мағынасы атаулық болады. Заттану үдерісі дегеніміз - өзге сөз табына жататын тұлғаның заттық мағынаға өтуі.

Тарихи сөзжасам. Анар Салқынбай

0
0
6261

Осы тақырып бойынша

Семантикалық сөзжасам парадигмасы - Yvision.kz