Сайрамсудағы трагедия

Алқынып асау толқыны күшті екпінмен,
Ағады екен ашумен Сайрамсуың.
Алдын мұнда келмегем, түспеппін мен,
Құлағымды жарардай, қайран шуыл.
Суы тастай, ұстасаң қол қақсайды,
Қойтастарға соғыла қатты ағысы.
Қайда асығып, шіркінің жол бастайды,
Қожыр-қожыр Өгемнің мақтанышы?
Тәңіртаудан тараған мың шатқалдар,
Дермісің-ай, Сайрамсу таудың жасы.
Алғаш оған сүйсіне жұмсақ болғам,
Қайтар шақта жек көріп қалдым, расы.
Шомылғанның қалатын көбі кетіп,
Аққандары қайтадан шықпаған кеп.
Көзімізше жас бала ағып өтіп,
Һәм жұтылды, бір кісі құтқарам деп.
Мұздай судан дірдектеп отырған біз,
Қалтырадық жағада одан бетер.
Гүрілдеген қылмыскер, шоқынған құз,
Енді маған бұл жаққа жолау бекер.
Долы өзен-ай, ағатын жалаңдап ап,
Жаратылысы осындай, түсінелік.
Ұйықтасам тұрғандай маған қарап,
Кеп тұрады Сайрамсу түсіме еніп.
Дәурен АЙМАНБЕТОВ
