Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына ұрпақ құрметі

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың жеке қызмет көрсету бөлімінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай оқырмандардың отаншылдық сезімін шыңдау, қиындыққа төзу, болашаққа деген сенімдерін арттыру мақсатында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына ұрпақ құрметі» атты дауыстап оқу сағаты өткізілді.

Шара барысында Кеңес Одағы кезіндегі Қазақстанда салынған еңбекпен түзеу лагерьлерінің тарихына шолу жасалып, танымдық ақпарат беріліп, тақырыпқа орай деректі фильм көрсетілді.

Қазақ халқының тарихында абыройы асқақтаған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» қиыншылық кезеңдердің де орын алғаны ащы ақиқат.

Өткенге көз жүгіртсек, 1925 жылы қазақ халқына билік жасауға келген Ф. Голощекин Қазақстанда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Ұлт зиялылары жаппай дерлік қуғынға ұшырады. Өзіне қарсы шыққандардың бәрін елден қуып, көзін жойды. Қазақтың қаншама қабырғалы тұлғалары сол, солақай саясаттың құрбандарына айналды.

Сол жылдан бастап халықты малынан айырып, елді жаппай ашаршылық жайлады. Осы кезеңде елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Арада жарты ғасыр уақыт өткеннен кейін ғана қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына жетті. Бұл көрсеткіштерден зұлматтың қаншалықты қасыретті болғанын көреміз.

Тарихи санамызды жаңғыртып, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашу үшін біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшіріліп әкелінді және қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды.

Олардың қатарында корейлер, финдер, немістер, поляктар, күрдтер мен қарашайлар, месхеттік түріктер, кавказдықтар және басқа да көптеген ұлыстар бар.

Осындай үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы, тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлыстарды бауырына басты. Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған сол этностар өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды.

Тар жерде табысқандардың ұрпағы – кең жерде келісіп, бүгін тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды.

1997 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31-мамыр саяси репрессия құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана ұжымы осы атаулы датаға байланысты жыл сайын қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді жоспарға алып, түрлі тақырыпта, әр алуан форматта көпшілік шаралар өткізеді. Бұл - тарихтан тағылым алып, биік мақсат – «Мәңгілік Елге» бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі.

Захра Маханова,

Зағип және нашар көретін азаматтарға

арналған республикалық кітапхана қызметкері

#қуғынсүргінқұрбандары #1925 #қазақхалқы #кеңестікбилік

0
0
277

Осы тақырып бойынша

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына ұрпақ құрметі - Yvision.kz