«Сарышаған» полигонында «Жауынгерлік достастық-2013» жаттығуларының шешуші кезеңі өтіп жатыр
Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттердің әуе шабуылына қарсы бірлескен қорғаныс жүйесі шеңберінде «Жауынгерлік достастық-2013» тактикалық оқу-жаттығуының шешуші кезеңі өткізіліп жатыр.

Оқу-жаттығу барысында әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрамалары, бөлімдер мен бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ жауынгерлік есептоптардың еліміздің әуе шебін қорғаудағы дағдысын жетілдіру мәселелері пысықталатын болады. Сонымен қатар, ТМД Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күштері мен құралдарының бірлескен жауынгерлік кезекшілікті жүргізудегі өзара іс-қимылдарын көрсетеді. Бұл ретте қойылған тапсырмалардың сәтті орындалуы үшін жеке құрамның жоғары моралді-психологиялық, жауынгерлік және кәсіби сапасын арттыруға барынша мән беріледі.
Нақты жауынгерлік атыстарды қамтыған тактикалық оқу-жаттығуға Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жетпістен астам жауынгерлік есептобы тартылған.
Шынайы жауынгерлік іс-қимылдарға келтірілген әуе шабуылына қарсы жағдайларды туғызу үшін ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері оқу орталығының жауынгерлік есептоптары күрделі нысаналық жағдай қалыптастырған.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
