«Сарыарқа» ақтық сында сүрінді
Сонымен, «Сарыарқа» ақтық сында сүрінді. Финалға дейін күш-жігерін сарқып алды ма, әлде «Торостың» бас бапкері Руслан Сулейманов Кирдяшовтан айласын асырып кетті ме, жоқ әлде басқадай сыры бар ма, белгісіз.
Ресейдің Жоғары хоккей лигасын дүрліктірген Қарағандының«Сарыарқасы» финалға жетіп сүрінді. ЖХЛ-дағы Қарағанды ертегісі дейсіз бе, әлде ерлігі немесе дастаны деп түзетесіз бе, өз еркіңіз.
Биылғы маусымда аталмыш лиганы сүйсіндіріп, сергелдеңге түсірген «Сарыарқаның» осы «ертегісі» мен жарқын ойындары соңғы матчта жеңіліске ұшыраумен тамамдалды.
«Сарыарқа» биыл Ресейдің Жоғары хоккей лигасына үстемдік құрып, негізгі додасында топ жарған. 52 ойыннан 115 ұпай жинап, бәрінен асып түсті. Ол, ол ма,қатарынан 23 ойында жеңіске жетіп, аталмыш лиганың рекордын жаңартты.
Ресей клубтарын үй демей, түз демей қоғадай жапырған. Қазақстан клубының бұл жетістігіне өзектері өртенгендер аз болған жоқ. Төрешілер тобықтан қанша шалса да, «Сарыарқа» еш клубқа бой бермей, 23 кездесуде алшаң басқан.
«Сарыарқа» содан плей-оффқа шықты. Қарағанды клубымен қоса осы лигада бірнеше жыл ойнап жүрген екінші клубымыз да плей-оффта бақ сынаған. БірақӨскеменнің «Қазцинк-Торпедосы» бірінші електе-ақ қатардан шығып қалды.Өскемен клубының тісі батпаған команда «Торос» (Нефтекамск) клубы болатын.
Қызық болғанда, «Сарыарқа» финалда Братина кубогын дәл осы «Торос» клубымен сарапқа салды. Иә, бірнеше айға созылған негізгі додада екінші орын алған «Рубин» (Тюмень) клубы емес, тек үшінші орынды қанағат тұтқан «Торос» шықты, финалға.
Негізі, «Торос» та өте тәжірибелі команда еді. Жоғары хоккей лигасыныңалғашқы маусымында жартылай финалға дейін жетіп, тек «Рубиннен» ұтылып,қола жүлдегер атанған. Ал былтыр Братина кубогының финалында осы тюмендіктерді 4:1 есебімен тізерлетіп, алғашқы маусымда кеткен есесінқайтарған.
Алғашқы екі ойын Қарағандыда өтті. Бірінші матчта «Сарыарқа 4:1 есебімен басым түсті. «Ресей лигасы өзінің алтын жалатылған, салмағы 19 келі бағалы күміс кубогын бізге бере қойсын ба» деген кейбір қызуқанды жанкүйерлердіңсөзінен секем алып жүргендер «е, бәсе, осылай болса керек еді» десті.
Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Ертеңінде «Сарыарқа» қонақтарынан 1:7 есебімен күйрей ұтылып, жігерімізді құм қылды. Тіпті кездесу соңында ашуға булығып, жұдырықтарын ала жүгірумен болды. Бірақ төбелесіп те жарытпады. Тафгай Д.Грэттон айдынан матч соңына дейін қуылып, Қарағанды мұзайдынында ойнақ салған Башқұртстан клубы ойыншыларын сабасына түсіретін ешкім болмады…
Нефтекамскіде өткен бірінші ойында тағы да «Торос» тайтаң қақты. Есеп – 2:0. Енді «Сарыарқаның» жағдайы тығырыққа тірелді. Енді жеңілсе, «Торосқа» төтеп беру мүмкін емес еді. Абырой болғанда, төртінші ойында «Сарыарқа» хоккейшілері қайсарлық танытып, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Содан алақанымызды ысқылай түстік. Енді Қарағандыда «Торосты» тізерлетіп, аптығын басар дестік. Бірақ олай болмады. Сарыарқа төсінде «Торос» 3:2 есебімен жеңіп, қайтадан алға шықты.
Алтыншы ойын Башқұртстанда өтті. Бұл жолы «Сарыарқадан» жеңіс күткендер көп болған жоқ. Бірақ Қазақстан клубы 3:2 есебімен жеңіске жетіп, таразы басынқайта теңестірді. «Финал деп осыны айт» десті қазақстандықтар. «Екеуі бір-біріне тұрарлық» десті ресейліктер.
Сонымен жетінші әрі шешуші ойын Қарағандыда өтіп, қазақстандықтар «Сарыарқаға» сенім артты. Бірақ «Сарыарқа» тағы да салы суға кетіп, білгенінен жаңылды. Өз жанкүйерлері алдында 0:3 есебімен ұтылып, дәрменсіздік танытты.
«Төрешілер қатты қысым көрсетті» деп те таусыла алмаймыз. Неге екенін,әйтеуір «Сарыарқаның» «Торосқа» тісі де батпады, шамасы да жетпеді. Маусым бойғы қарқыны қайда кеткені түсініксіз. Әлде «Торос» осындай тегеурінді ме?! «Тазы болып шалып», күш-жігерін финалға сақтаған ба?
Содан соң «Сарыарқа» клубының бас бапкері Андрей Кирдяшовтың ақтықойындарда қақпаға көбінесе словак Владимир Ковачты емес, Денис Франскевичтіқойғанын түсіне алмадық. Жарайды, Ковач та шаршайды дейік, Ковач тақателеседі делік. Десек те, бес матч бойы оны тұсаулап ұстап отырғаны түсініксіздеу болды…
Сонымен, «Сарыарқа» ақтық сында сүрінді. Финалға дейін күш-жігерін сарқып алды ма, әлде «Торостың» бас бапкері Руслан Сулейманов Кирдяшовтан айласын асырып кетті ме, жоқ әлде басқадай сыры бар ма, белгісіз.
Әйтсе де, жанкүйерлер «Сарыарқаға» ренішті емес. Көпшілік «алғашқы маусымүшін финалға шығу да – үлкен жетістік» деуде. Ендеше біз де «Сарыарқаның» Жоғары хоккей лигасының алғашқы маусымындағы көрсеткіштерін жоғары бағалап, биылғы жетістіктерінің баянды болуына тілектеспіз.
Бәлкім, Братина кубогын келесі жылы жеңіп алар…
«Сарыарқа» (Қарағанды) – «Торос» (Нефтекамск) – 3:4
/4:1, 1:7, 0:2, 2:1, 2:3, 3:2, 0:3/

