Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Сара сөздің сардары

 
09.11.12.

Көркем әдебиеттің бүкіл адамзат баласы мойындаған ұлы миссиясы бар. Ол - адам баласының адамгершілікке, ізгілік пен бауырмалдыққа, өмір сенгіштік қасиеттер мен мінсіз мінездерге тәрбиелеу.

Алаш арыстарының бірі са­нала­тын, ұлы жазушылар биігіне көте­рілген классик-жазушымыз Со­циа­листік Еңбек Ері Ғабит Мах­мұтұлы Мүсіреповтің шы­ғар­малары сондай аласармас биіктерге кө­терілген. Ғабең бұл биікке алғаш жарық көрген «Ту­лаған толқында» хикаятымен және «Қос шалқар», «Алғашқы адымдар», «Шұғыла», «Талпақ танау», тағы басқа әңгі­мелеріндегі тосын да қуатты сөз өрнегімен көтеріліп, оқырманды да, әдебиетшілерді де елең еткізген-ді. Ғабең сол шыққан биіктерінен төмендеп, аласарып көрген емес, керісінше Ғабең ұрпаққа «Әдебиет ұлы болмай, халық ұлы болмайды» деген ұлы өсиет сөзін қалдырды.
Ғабеңнің иронияға, уытқа толы өзіндік стилі оқырман назарын аударумен ұдайы тәнті қылып келе жатыр.
Сүйікті жазушымыздың таңдама­лы шығармалары жинағының бір томдығы таяуда «Қазақпарат» бас­пасынан жарық көрді. Жинаққа автордың аталған әңгімелерімен бірге, ана туралы аңыздары - «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана», «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ер ана», «Ақлима», «Әмина», «Екі дүние - екі әйел», «Ана ажары», «Жиырма төрт сағатта», «Өмір шырағы», «Бірінші би аға», «Сыр жыры», «Этнографиялық әңгіме», «Тарғыл қауын», «Жапон бал­ла­далары» және «Көркем очерктері», аудармалары топтастырылған. Жи­нақтан оқырман автордың «Қазақ солдаты» романы мен «Ұлпан» хикаятын, күнделіктерін оқи алады. Жалпы, жинақ көркем, берекелі, толымды түрде шыққан. Бұл ретте алғысымызды баспагер, журналист бауырымыз Қонысбек Ботбаевқа айтар едік.
Осы баспадан бұрынырақта ақиық ақынымыз, жыр жампозы Мұқағали Мақатаев жырлары да осындай берекелі басылым үлгіде болып шыққан еді. Алдағы уақытта ұлы Абайды, классик ақындарымыз - Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов еңбектерін де осындай берекелі ұсынса, абзал болар еді демекпіз.

Төлен ҚАУПЫНБАЙҰЛЫ,
жазушы, Жамбыл атындағы
халықаралық сыйлықтың лауреаты,
Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың иегері.


 
0
0
808

Осы тақырып бойынша

Сара сөздің сардары - Yvision.kz