Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Сапақ датқаның арманы

Жыл сайын қол тисе ауылға асығамын. Астанадан Шымкентке қатынау — қиынның қиыны. Бірде билет жоқ, біресе уақыт жоқ, сарылып жүргенің сол. Биыл да араға сегіз ай салып ауылға баруға әрең уақыт таптым-ау. Бара салып, атаммен әңгіме соғуға асығамын. Бұрын естіп мән бермеген оқиғалар мен әңгімелерін үнтаспаға жазып аламын. Қырық жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген атама әңгіме айту бұйым болып па, сорғалатып майын тамызғанда үнтаспаны қоста тек мақұлдап отыра бер.

Сонымен, бұл жолы атамның көлігімен қаладан ауылымыз Бәйдібекке қарай тартып кеттік. Жол-жөнекей, атам мына бір әңгімені айтып беріп еді. Соны сіздерге ұсынуды жөн көріп отырмын. Қаншама уақыт бойы ішімде бұрқ-сарқ қайнап, жазсам ба, жазбасам ба деп жүріп, ақыры екі түн уақытымды бөліп қағазға түсірдім.

Кең-байтақ қазақ даласы мен кеңқолтық халқымызды кімдер билеп-төстемеген. Еліміздің оңтүстік өңірін заманында Қоқан хандығы мен Бұхар әмірлігі билеген. Отарлаушы ел ретінде жергілікті халыққа басшы етіп, өз адамдарын қойып отырған. Ол адамды «датқа» деп атаған. Шамасы қазіргі түсінікпен қарасақ, бұл лауазым генерал-губернаторға тең болған. Олар жыл сайын ханның өзінен заттай және, ақшалай сыйлық алып отырған, әкімшілік лауазыммен қоса әскери міндетті-де қоса атқарған екен.

Сондай датқалардың бірі әрі бірегейі, ел арасына шешендігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен аты мәшһүр болған, Ошақты руы мен теріскейді билеген Сапақ датқа деген болған екен. Сол кісі орда бұзар отыздар шамасы кезінде ол ел аралап, аң қағып жүріп мынандай бір оқиғаға кез болыпты. Ел арасына аты сыйлы Сапақ, аңшылықтан соң бір ауылға келіп түседі. Өңкей шағаладай самсаған кілең ақ үйлер тігілген көрікті ауыл екен. Ауылдың бетке ұстар жігіті датқаны үйіне қонақ етіп күтіп алады. Мал сойып, алдына тілі дәм үйірген қымыз ұсынады. Қонақтардың алдына бас пен жамбас, құйрық тартылып, бола бергенде үй иесі қойдың ең дәмді жылы-жұмсағын тағы да бөлек салып, үй қабырғасына тіреле қойылған кебеженің қасында керіскедей болып жатқан тазыға алтын табақпен береді-де, қонақтарға қызмет етіп, дастархан жайып жүрген әйеліне «ыдысыңды алып кел», — дейді. Әйелі барып, сырты кір-кір итаяқты алып келеді. Сыбағасын салып бергенн соң, «бар енді, тамағыңды же», — дейді-де өзі қонақтардың қасына келіп жайғасады. Мұны көріп датқаның тамағынан ас өтпей қалады. «Мұнысы несі, алтын табақпен тамақты құмайына, итаяқпен жұбайына берді», — деп іштей шиіткіп қалады. Назар аударып қараса, құмай тазы тайыншадай ірі, құлағы шашақталған нағыз иттің төресі екен. Ал, жігіттің жұбайы бет біткеннің сұлуы, тал байында бір мін жоқ көрікті келіншек болса керек. Датқаның іс-қимылынан ішкі ойын дәп басқан үй иесі әңгімені өзі бастайды. «Датқаға, байқаймын сіз менің әрекетіме қарап, түсінбей отырсыз-ау деймін. Ендеше осы уақытқа дейін жан баласына айтпаған сырымды бүгін сізге айтайын», -дейді.

Сөйтсе үйдегі келіншек пен жігіттің әкесі заманында қалың мал алысқан бесік құда болған екен. Бірақ жігіт ашамайға мінген жаста әкесі қайтыс болып жетім қалады да, қайын атасы жетімге қыз берер жайым жоқ деп іргесін аулақ салып, басқа жаққа көшіп кетеді. Ат жалын тартып мінген азамат есейген соң, мәселенің мән-жайына қанығады да қалыңдығына аттанбаққа бел буады. Қайын жұртқа қалыңын іздеп аттанбақ болған күйеуге ауылындағы құрдастары бізде ілесейік дегенде жоқ өзім барам, қасыма тек құмай тазы ғана ереді деп тартып кетеді. Қайын жұртына барып, қалыңдығын алып кететіндігін айтады. Қалың малы төленген соң, атасы ел арасында дау-жанжал туып кетер деп келісімін береді. Қызды жасау-жабдығымен аттандырады, қастарына қыз жеңгесін қосып шығарып салады. Жолға шыққан олар кешқұрым түнемелік жер тауып, қонады. Жігіт атына тұсау салып жіберген екен. Таңертең тұрса қонған жерлеріндегі төбенің басында жайылып жүрген атын көріп, жаяулатып барып ертоқымын салып жатқанда, төбеге қарай құйындата шауып келе жатқан көк аттыны көріп кілт тоқтайды. Келе сала аттан қарғып түскен ол, амандық-саулықсыз «жезде күресейік», — дейді. «Әй, айдалада екеуден-екеу күрескен жараспас. Шаршы топтың алдында белдессек бір жөн» дей бергенінде желкеден бір-ақ ұрып мұрттай түсірген «балдызы» үстіне мініп алады да, білегіне жасырып әкелген қыл-шылбырмен қолын шандып байлап тастайды. Сосын төменнен бәрін бақылап тұрған қалыңдыққа «сандықтағы қанжарды алып кел», — деп айқай салады. Сөйтсе жасауға берілген сандықта тығулы жатқан қанжар бар екен. Қолына жүзі күнге шағылысқан қанжарды жалт-жұлт еткізіп алып келе жатқан қалыңдығы жақындап қалғанда іші ыза-күйікке толған жігіт «Аһ, арманда кеттім-ау. Ең болмаса, белдесіп те үлгермедім-ау» дегенде үстінде тізесімен мытып отырған «балдызының" алапат дүлей күшпен ұшып түскенін-де байқамай қалады, орнынан жалма-жан тұрып қараса тазысы жігіттің үстінен екі аяғымен ырылдап басып тұр екен. Құмай тазының қуаттылығы сондай, қарулы жігіттің көк желкесін қиып жіберген екен. Қорқырап жатқан жігіт заматта жан тапсырады. Оған сол күйі қарамастан, атын қасына шідерлейді-де, мәйітті төбенің басына қалдырып, ләм деместен еліне қарай сапарын жалғастырады. «Датқаға, елге келген соң бұл жайлы ешкімге тіс жармадым. Бірақ қалыңдығыма кескен жазам сіз көргендей болды. Жасауындағы алтын табақты тазыға беріп, итаяқты оған бердім. Бүгінге дейін тірі жанға бұл жайлы тіс жармап едім. Сізге ғана айтып отырмын. Енді ол өмір бақи итаяқтан тамақ жеп өтеді», — дейді.

Кім білген, кім білген… Оқиғаның анық-қанығын. Дала заңы қатал-ақ. Опасыздың жазасы ежелден-ақ қатал болған. Бетін тілген. Көк есекке теріс мінгізіп елден аластаған. Мына жаза бәрінен-де ауыр сияқты. Қандай азап. Екі жаққа да. Атастырылған жарына итаяқпен тамақ берген жігітке-де, отағасы болар ерінің қолынан мұндай қорлықпен тамақ жеген қалыңдықта өмір-бақи өксіп өткен деседі.

Бірақ Сапақ датқаның шау тартқан шағында өмірде қандай өкінішіңіз бар дегенде, осы оқиғаны айтып беріпті деседі. «Шіркін-ай, сонда келіншекке не азаттық алып бере алмадым, болмаса екеуін татуластыра да алмадым. Татуластырар едім, бірақ ондай опасыз бір отбасыға қалай ұйытқы болады. Тым құрығанда басына азаттық алып беруім керек еді», — деген екен.

P. S. Бүгінде Сапақ датқаның ұрпақтары бір қауым ел болғанын ескере отырып, оқиғаның ауытқыған жерлері болса кешірім сұраймыз. Ел естігенін ауыздан-ауызға жеткізсе, біз соны қаз-қалпында қағазға түсіруге тырыстық.

1
0
1338

Осы тақырып бойынша

Сапақ датқаның арманы - Yvision.kz