Самбодан бесінші рет әлем чемпионы атанғым келеді — Е.Байбатыров, БҚО
Айта кетейік, Ерболат соңғы рет әлем чемпионы атағын бұдан үш жыл бұрын сол қараша айында Вильнюс қаласында 57 келі салмақта жеңіп алған болатын. Содан бері алтын медаль уысына түсе қойған жоқ. Самбо олимпиадалық спорт түріне кірмейтіндіктен, дзюдода бағын сынап көрді, бірақ оның ережесіне үйренісіп кете алмады.
Қазір Ерболат жиырма сегізде, нағыз дер шағы әрі тәжірибесі толысқан деуге болады. Ол Қазақстан балуандары арасында алғаш рет самбодан төрт мәрте әлем чемпионы атанса да, ешқашан өзін жоғары санап, бәлсініп көрген емес. Қашан да қарапайым қалпын сақтап, жылы жымиып тұрғаны. Бір жарыстан келгеннен кейін-ақ басқа нәрсеге бұрылмай, жаттығуына бірден кірісіп кететін сайыпқыран самбошы Райымбек Меңдіғалиевтей білікті бапкерлерінің сенімін ақтауға үнемі тырысып келеді.
Биыл да ол Талдықорған қаласында өткен ел чемпионатында 57 келі салмақта үздік шығып, Жапонияға берілер жолдаманы ұтып алды. Алда — Нарита.
«Күншығыс елінде барымды саламын. Сөйтіп, қазақ елінің көк байрағын тағы бір желбіретіп, Әнұранды ойнатсам деймін», — деді Е.Байбатыров.

