Самарқант сапары
Ақпанның ортасында болғанымда Самарқант қоңыр-салқан еді. Мамырдың ортасында балалар суға түсіп жатыр. Күн ыстық. Ал Өкіреш найман ауылы сәл самалды. Үргіт тауынан лебі еседі. Ауыл әкімі Әбдсайт Абдурасулов әдеттегідей жылы қарсы алды. Кеңсе алдында суретке түскен соң Өкіреш атамыздың қабіріне барып құран оқыдық. Алда атқарар шаруаларымызды өзбек, қазақ болып бөлісіп алдық.
Биыл құдай қаласа бабаға 1988 жылы қойылған, темір қаңылтырдан жасалған белгіні ауыстырмақпыз. Қызыл граниттен тас қоймақпыз. Ол таңдап алынды. Биіктігі –2,5 метр. Тұғырға орнатылар табанында ені-1,3 метр. Қалыңдығы -70 сантиметр, салмағы -2,5 тонна. Алғы беті ғана өңделген –сынық. Осы сынық тас арқылы айтпағымыз біріншіден, Өкіреш Шал қазақ тарихының бір үзігі. Екіншіден, атамыз қазақ халқының бір сынығы.

Өзбектің Өкіреш найман, Қара найман, Қызыл наймандары қазір тасты өңдеп болып, таңбаларды, жазуларды қашауға кірісті. Құлшыныстары керемет. Қабір басында тас орнын көгалдандыру, іргетасын құю, қоршауды сырлау сияқты жалпы жұмыстар атқарылуда. Осылардың басында Абдсайт жүр. Аудан, облыс (оларда ауданды –туман, облысты –уалаят дейді) республика деңгейінде қызмет істейтін наймандарын айтып, мақтанып қалды бір ақсақал. Екі-үш полковниктері бар екен.
-Біз де құр алақан емеспіз. Премьер-министріміз – Кәрім Мәсімов найман. Армия генералы М.Алтынбаев бастаған дәл бүгін қызметте жүрген жеті генералымыз бар. Тіпті, Қазақстанның генералдар қауымдастығының төрағасы, Жетысудың тумасы - Амангельды Құрманғалиев те найман. Мемлекеттік сыйлық иегерлері, депутаттар қаншама,-деп елімізден аз-маз хабар тараттық.
Өзбек наймандары таң қалды.
-Сіз, Камал аға, Әмір Темірдің Дүрмен найман екенін білесіз бе?-дейді түркітекті қандастарымыз, бізден кем түскісі келмей.
Мұны өткен жылғы сапарымда Құдайға шүкір, Тауфих ақсақалдар айтып берген. Әмір Темір (Біз ақсақ Темір дейміз) өз аталары екенін екі қария ұзақ әңгімелеген. Өкінішке қарай бір жылда екі қарт та дүние салыпты.
Өзбек наймандарының мақтанышын тежемей, көтеріліп қалсын деген оймен:
-Шын ба? Білмейді екенмін,-деймін.
Сол, сол-ақ екен, өзбек ағайындар жарыса сөйлеп кетті. Тоқтатпадым. Әбден құмарынан шыққанша гәпірсін деп зейін қойып тыңдадым.
Жалпы Самарқант маңы кез-келген қазақты таң етеді. Ауыл аттары мынадай: Өкіреш найман, Қара найман, Қызыл найман, Тарақты, Қаракесек, Шанышқылы, Керей, Садырсай, Жағалбайлы, Балталы, Бағаналы, Меркіт, Маңғыт, Жанғұлы, Қарақұрсақ, Тоқпан. Бұл біздің көзімізге, облыс картасына түскені. Түспегені қанша екен?
Қазақтың Жиделі-Байсыны осы өңір-ау! Науаи, Жизақ облыстарында тіпті мол атау бар сияқты. Ташкенттің жанында ғана бірнеше қазақ ауылдары орналасқан. Шыршықтағы базарда:
-Қазақтар бар ма?- деп сұраған едім. Таяқ тастам жердегі таза найман ауылына алып барды. Балталы-Бағаналылар екен. Үй қақпаларында «сатылады» деген жазу. Мәнін айтпай-ақ түсіндік.
Бұл ауылдың алды ашаршылық кезінде, өткен ғасырдың 20-30 жылдары қоныстаныпты. Соңы кешегі Кеңес үкіметі тұсында келген екен. Өзбектенгісі жоқ. Балалардың қамымен атамекенге оралмақшы. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жезқазған өңірлеріндегі тума-туыстарынан қол үзбепті. Тұрмыс-тіршіліктері де көп ауытқымағандай. Базарда сүт, айран, құрт, ірімшік, ет сатып тұрғандар негізінен қазақтар. Ал жеміс-жидек, көкөніс жағы «өзағаларымыздың» еншісінде.
Ауыл үйдің тұрмыс-тіршілігі жаман еместей. Өзбекстанда шет елдік машиналар сирек. Негізінен өздері шығарып жатқан көлікпен жүреді. Сондай машиналар аулаларында тұр. Ал тазалық, қора-жайдың, бау-бақшаның реттілігі адам қызықтырады. Маңайларына су сеуіп, сыпырып жүр.
Бұларды сөз сірағасына айтып жатырмыз. Негізгі шаруамыз Ұлы баба-Өкіреш Шалға белгі орнату ғой. Сол істің осы кезеңге дейінгі бөлінгені тиянақты аяқталып келеді. Бұйыртса, туар айдық екінші онкүндігінде өзбек наймандар бізді мейман етіп, Өкіреш Шал атамыздың тасын орнатпақпыз. Бір мыңдай адам шақырып, құран бағыштамақ. Ас бермек. Сөйтіп, бүгінгі 11 миллион қазақтың ішіндегі «найманбыз» дейтін 3 миллион ұрпағы бар Өкіреш Шал Әулиге құрмет көрсетілмек. Сіздер де атсалысыңыздар.
Шымкенттік ақын, марқұм Қаныбек Сарыбаевты замандастары қажамақ болса керек. Сонда Қаныбек ақын:
Білмесеңіз, біліңіз,
Қазақтың төрттен біріміз.
Отқа салса күймейтін,
Суға салса батпайтын,
Не деген жаны сіріміз.
Қабанбайдай батыр жоқ,
Ілиястай ақын жоқ,
Наймандарды күндейтін
Адамдарда ақыл жоқ,-депті.
Айтса, айтқандай, тарихын тереңнен іздеп жатқан, ертеңге нық қадам басқан қазақ деген халықтың бір руы –Найманның қуанышын бөлісіңіздер.
