«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде аналар мен балалар өлім-жітімі азайды
Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2014 жылдың қорытындылары мен 2015 жылға арналған мақсат-міндеттері талқыланған алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысында Министр Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Министр ағымдағы жылы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аяқталатынын еске салды. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында қазіргі уақытта мына нәтижелерге қол жеткізілді:
- медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыруда өңірлер арасындағы айырмашылықтар мен шарттарды сараландыру жойылды.
- «Ақша пациентпен бірге жүреді» қағидасы негізінде қай жерде тұратынына қарамастан ел азаматтарына көрсетілетін стационарлық көмектің қолжетімділігі кеңейтілді. Тек соңғы 2 жылда 34 мыңнан астам ауыл тұрғыны республикалық және облыстық ауруханаларда жоғары мамандандырылған медициналық көмек алды.
- Аурулардың бейінді түрлері бойынша емдеудің жаңа технологиялары мен түрлерін тәжірибеге енгізетін заманауи медициналық орталықтар құрылды. Жинақталған тәжірибе өңірлерде енгізіліп, облыстық және қалалық ауруханалар жүрекке және бас миына, өмірлік маңызды ағзаларды алмастыру оталарын табысты жасай бастады.
Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде қазақстандықтардың болжамды өмір сүру ұзақтығы артып, жалпы өлім-жітім, оның ішінде аналар мен балалар өлім-жітімі азайды.
