Мазмұнға өту
Обложка сообщества Екпiн

Сахна сәні: Бақтияр Қожа

Бақтияр Қожа Өзбекстанның Ортақ Шыршық (Ташкент облысы) өңірінде дүниеге келген. Балалық балғын шағын сол өлкеде өткізеді. Өнердегі алғашқы қадамын Қызылорда өңірінде Жаңақорған ауданында көркемөнерпаздар ұжымында бастайды. Өнер қуып Алматыға келген ол М.Әуезов атындағы театрдың актерлік студиясын аяқтаған соң 1980 жылы  Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының актерлік құрамына қабылданды. Дарынды жас осы сахнада ұлттық, орыс  және дүниежүзілік драматургия бойынша қойылған спектакльдерде басты рольдер  орындай бастады. Бұл ретте, әсіресе, Шекспирдің «Дуалы түнгі думанында» - Оберон, А.Чеховтың «Шағаласында» - Треплев,  О.Бөкейдің «Жетім ботасында» - Тасжан,  И.Сапарбаевтың «Ауылдан келген аруында» - Қаражан  бейнелері театр сыншылары тарапынан жоғары баға алып, көрермен көңілінен шықты. Актердің республикалық  Н.Сац атындағы орыс Балалар мен жасөспірімдер театрының «Даладағы екеу» (Қ.Ысқақ, Ш.Құсайынов) спектаклінде сомдаған Жорабаев рөлі сәтті болды.

Бақтияр Қожа 1993 жылдың басында Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына ауысты. Содан бері осы сахнада  өнер көрсетіп келеді. Оның бұл театрдағы алғашқы жақсы табысы «Медея» спектаклінде (Еврипид, режиссері А.Пашков) Ясон бейнесін шығаруы болды. Жас актердің бұл спектакльде Фарида Шәріпова, Бикен Римова, Жұмабай Медетбаев сынды үлкен шеберлермен  сахна серіктес болды. Әсіресе, спектакль бойы Ф.Шәріповадай хас шебермен ойын көрсетуі үлкен тәжірибе еді.  Жас актер Ясон бейнесі үшін М.Әуезов театрының алғашқы «Театр көктемі-95» фестивалінде  «ер адам ролін үздік орындағаны үшін» жүлдесін жеңіп алды.

Спектакльдердің дүниеге келуі ретімен айтар болсақ, қазақ режиссурасының талантты өкілі, марқұм Қайрат Сүгірбеков қойған М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсінде» - Сәрсен, А .Чеховтың «Шағаласында» (режиссері Б.Атабаев) - Тригорин, К.Әшірдің «Қабыл – Адам ата перзентіндегі» Қабыл,  М.Әуезовтің «Абайында» (режиссері Ә.Мәмбетов) - Керім, Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат дастанында» (реж. Қ.Сүгірбеков) - Қарабай, Шахимарденнің «Томирисінде» (реж. Т. әл-Тарази) - Ардашир, М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» мұңлы комедиясында (реж. О.Кенебаев) Андрей  Васильевич, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» (реж. Р.Андриасян) профессор Вольфганг, Гогольдің «Үйленуінде» (реж. М.Захаров) Жевакин  секілді  бейнелері актердің көп жылғы ізденістері мен шеберлігінің нәтижесі. Бұл рөлдер  оның биік сахна мәдениетін, сахналау қимыл–әрекет пен ойды  ұштастыра, қатар алып жүре алатын  шебер екендігін көрсетті. Енді актердің  ұлттық классикадан «Махаббат дастанындағы» Қарабай ролін қарастырып көрелік.

Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы» қара шаңырақ репертуарынан түспей келе жатқан  қойылымдардың бірі. Қазақ режиссурасының талантты өкілі, ерте дүние салған Қ.Сүгірбековтің бұл қойылымының репертуарда болуы өте орынды және бұл өзі шешімі өзгеше қойылым. Спектакльде  адамдардың қилы тағдырлары суреттелген.  Қазақ халқының  болмысы, сол кездегі қоғамдағы қазақ әйелдерінің басындағы аянышты халі, мұң-шері, арманы, жастар арасындағы, не болмаса ата-ананың балаға деген махаббаты, мейірімділік пен тасбауырлық, тектілік пен тексіздік секілді  өзекті мәселелер қойылымның негізгі идеясына арқау болады.

Қойылымда актер Қарабай сараң, қызғаншақ, дүниеқоңыз, өркөкірек; жесірді зарлатып, жетімді жылататын жауыздығын жақсы аша білді. Бұл ретте актер өзінің сыртқы және ішкі болмысымен кейіпкер характерін жақсы көрсете білді.  Актердің ерекшелігі - әдеби кейіпкерлерді театрлық өнерге бейімдеп, көрермен көкірегінен мәңгі өшпес орын алатындай бейне етіп шығара білуінде. Қойылымда Жесір Мақпал мен  Жетім Қозы айдалада жападан жалғыз қалып, зардап шегіп күн кешеді. Әділдік пен махаббатты аңсаған екі жастың ортасына  Қодардың түсуі, оның  іс-әрекетінің жүзеге асуына Жантықтың от қойып оқиғаны шиеленістіруі үлкен трагедия.

Спектакльдегі кесек тұлға – Қарабай рөлінде Бақтияр Қожа. Спектакль басталған кезде Қарабайдың сахнаға шыққан алғашқы кезі өте әсерлі. Түсінде қалың қол көрген Қарабай сахнаға мең-зең қалыпта шығады. Актердің осы кездегі психологиялық күйзелісі өте шынайы, еш боямасыз.  Қарабайдың жанына  тек малының амандығы ғана тыныштық сыйлай алады. Осы сахнада актер  өзінің монологын  психологиялық тұрғыда Қарабайдың ішіндегі арам ойын жете түсініп, әсерлі жеткізді. Сахнаға Жантықтың шығуы спектакльдегі тартысты одан әрмен шиеленістіре түседі. Жантық пен Қарабай арасындағы қарым-қатынас та жақсы ашылған. Актердің сахнадағы құралы өзі десек, актер өзінің ішкі және сыртқы болмысын пайдалана отырып Қарабай бейнесін жоғары дәрежеде сомдап шықты.

Баяндай қызын қор қылған Қарабайдың жауыздығы оның сахнадағы әрбір іс- қимылы арқылы көзге оттай басылады. Баянның Қодар шапқан малды кері алып келген  сахнасында қызы әкесіне жүгіріп барып құшақтамақшы болған  кезінде Қарбайдың  теріс айналып кетіп,  малын  «түгел ме?» деп сұрайтын сахнасы өте әсерлі әрі нанымды. Баянды қолында малы жоқ жалқы жігіт Қозыға қосуға қарсы болып, қалың мал берем деген Қодармен сөз байласуы да сол дүниеқоңыздықтың белгісі

«Жетпіс жыл бағып, жеті жапырағына тісі тимеген», мыңғырған малдың пайдасын, қызығын көрмеген Қарабай мал үшін өз жанын беруге де даяр.  Малдан басқа ойы жоқ, асқан сараң, бұзық ниетті, мейірімсіз  тас бауыр жан. Бұны біз Б.Қожаның Қарабай образын сомдағандағы бейнесінен анық көреміз. Қарабайға жабысқан дерт психологиялық ауру. Айналасындағы елдің бәрі оның малына көз тігіп, қызығып, талап алуға дайын тұрған қасқырдай көрінеді.  «Қарбайдікі дегенде бұл жұрттың қызықпайтыны болсайшы! Ел ме екен осы? Жау емес пе анталап торып тұрған.... Адыра қалсын, бүйтіп ел болғаны!... Қайран қолдан-қолға таланғалы тұрған иесіз дүниелік» деп зар қаққан Қарабай ақыры жындануға да жетеді.

Театр сахнасында белгілі бір рөлді орындай отырып актер өзін сол кейіпкермен теңестіретіні бар. Қарабай осындай дәрежеге жеткен рөл. Бұл актердің көп жылдық көркем тәжірибесінің  де нәтижесі деуге болар. Ол өз ойынымен залмен көзге көрінбейтін қарым-қатынас  орната алды.

«Үйлену»

Б.Қожаның соңғы рөлдеріне зер салғанда, ойын өрнегінің әр қилы, әр планды актер екенін тани түсесіз. Көрнекті режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаев сахналаған «Жүрейік жүрек ауыртпай...» драмасында ол ынжық, ез ұлдың бейнесін қаншалықты көркем қисындаса, Гогольдің «Үйленуіндегі» Жевакині соншалықты аяныш тудырады. Ал Т.Жүженоғлының «Көшкін» драмасындағы (реж.А. Кәкішева) Шал мүлдем басқа өлшемдегі адам. Ол шындық үшін, ұрпағы үшін күресетін мықты адам.

«Көшкін»

Бүгінде қара шаңырақ театрдың орта буынындағы мықтылардың бірі Бақтияр Қожа кино өнерінде де жақсы танымал. «Тоғысқан тағдырлар», «Шегіртке» телехикаяларындағы Сапар, Ескендір Шыңғысов, «Офицер мырзалар» фильміндегі Нұрәлі Асланбеков, сондай-ақ «Сталинге хат», «Алқызыл қоян туралы аңыз» көркем фильмдеріндегі  рөлдері актердің киноэкранда шыққан биіктері. Таланты мен көркемдік ізденістері қызғылықты, сахна сәнін келтіретін үлкен шебер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Қожаны алдағы уақытта да  жаңа да мазмұнды рөлдерде көрейік .

 

Салтанат Әбілғазиева,

Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы

театртану факультетінің 4 курс студенті

6
4
3827

Осы тақырып бойынша