Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Сүйінбай өнерін қазіргі ақындарға үлгі ету керек – Б.Байбек

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған «Алатаудың ақиығы» атты мәдени-танымдық кеште «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қазіргі ақындарды Сүйінбайдың сөз өнеріндегі жетістіктеріне үңілуге шақырды.

«Сүйінбай заманында Жетісу топырағында іргелі ақындық мектеп қалыптасып, ол ел руханиятына қуатты серпін берген ақындардың бірнеше буынына бағдар болды. Әйгілі Жамбыл «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп жырлаған бабамыздың өнерін қазіргі ақындарға үлгі ету аса маңызды», - деді ол.

Саясаткердің айтуынша, ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосуды саяси Доктринасында ел үшін атқарар қызметінің ажырамас бөлігі ретінде белгілеген партия үшін бүгінгідей шаралар жаңа істерге ынталандырушы қызмет атқарады.

«Төл өнеріміз – «Айтысқа» жүйелі түрде қолдау көрсету «Нұр Отан» партиясы үшін аса маңызды. Яғни, Сүйінбайдың ізін басқан бүгінгі айтыскерлерге жасалып отырған қамқорлық болмасын, «Алтын домбыра» жүлдесін тағайындау да – партияның халықтық миссиясының көрінісі», - деп түйіндеді Б.Байбек.

Сондай-ақ, ол «Нұр Отанның» алдағы қыркүйек айында жыршы-термешілерге арналған ғылыми-практикалық конференция мен фестиваль өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Конституциямыздың 20 жылдығына орай жыршылық, термешілік дәстүрдің бүгіні мен ертеңін, қазіргі күнгі көкейкесті мәселелерін саралайтын ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда. Осынау алқалы жиын ауқымды фестивальге ұласпақ», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Бұдан бөлек, Б.Байбек бұл шараларға осы салада үлкен зерттеулер жүргізген ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің басшылық етіп, зиялы қауымның бір кісідей атсалысатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, «Алатаудың ақиығы» атты мәдени-танымдық кеш барысында ғалымдар баяндама оқып, қазақстандық және шетелдік өнерпаздар өнер көрсетті. Айталық, Сүйінбай мен Қатағанның айтысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Әбдуәлі және Республикалық жыршы-термешілердің жеңімпазы, ақын Ж.Тоқтасынов орындаса, ақынға тиесілі «Сұраншы батыр» жырын Түркі тілдес мемлекеттердің Қорқыт ата атындағы халықаралық өнер фестивалінің лауреаты Д.Абашев қобызбен орындады.

   
0
0
771

Осы тақырып бойынша

Сүйінбай өнерін қазіргі ақындарға үлгі ету керек – Б.Байбек - Yvision.kz