Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

сәтті сапар

1-Серия Құрметті жолаушылар! Нөмері 52 Астана – Алматы жүрдек пойызы 2-ші жолға келіп тоқатады. Сақ болыңыздар. - Келдік! Қобалжып тұрған жүздерімізден үйге асыққан студенттер екеніміз анық көрініп тұр. Қасыңдағы жолаушылар жаныңы жақын тартар жандар болса, 19 сағатқа созылған алыс сапар да түкке тұрғысыз мардымсыз нәрсеге айналады. Бірақ ол әңгіменің тарихы мүлдем басқа, сыры өзгелерінен бөлек. Қызғылт тартқан “гламурный” чемоданымды сүйреп, перронға түстім. Аяғым жерге тиісімен, жылулықты сезіндім. Астананың қатал, суық ауа-райынан әлдеқайда жылы. Бұл термометр бойындағы сандармен өлшенетін жылулықтан өзге, ерекше. Ол жақын туысыңның жылуы, көп көрмеген достарыңның жылуы. Ол 6 жыл бұрын кездесіп, қайта қосылған естеліктердің жылуы. Ол құшағына әркімді де сыйдырар, қонақжай, сенің жылуың, Алматы! Жалғасы бар....

2-cерия - Мінекі билеттеріңіз! Уақыт терминалдан алғаш рет карточкамен өткеннен бастап есептеледі. Мына жолмен солға, сонаң соң тіке жүресіз. Сәттілік! Тау бөктерінде жақсылап демалыңыз! Бағдаршамдай бағыт берер кассирдің сөзін ұмытып қалмайын деп ішімнен қайталап келемін. Солға, сонаң соң тіке. Солға, тіке....Жеттім! Алатаудың төбесіне шықпағанымен төскейіне жеттім. Ендігі міндет жоғарығы көтерілу еді. Сужүрек қояндай қорқып, кабинаға кірдім де, темір ұстағышты қаттылап қысып, отырдым да қалдым. Әр метрге көтерілген сайын жүрегім лүпілдеп, қаным лыпылдап, денем дуылдап кетті. Тарс жұмылған көздерім межеленген жерге жеткеннен кейін ғана бір-ақ ашылды.... Биіктмін мен! 15метр биіктемін. Күндегі күйбең тірліктен, бітпейтін барлық еңбектен биіктемін. Осы бір биіктен сен қандай керемет едің, әсем қала! Қарт атадай ақ бас тауларың көк аспанмен таласқандай көктен күлімдейді. Жасыл желек шыршаларың елт еткен дауысқа басын бұғып, елеңдейді. Судай мөлдір, кіршіксіз пәк таза ауаң деміме дем қосып, жұдырықтай жүрегім лүпілдейді. Мамықтай жұмсақ, сүттей ақ, үлпілдеген қарды алақаныма алып, сезінген екі қолым еріксіз дірілдейді. Қараса көз тоймайтын сұлулығыңды айфонның панорамасындай сақтайын деп, бір орында тұрып, басыммен ептеп қозғалтып, айналаға көз жүгірттім. Арланған асу тауларың міз бақпаған күйінде тұрса, маржандай тізілген тал-теректерің “Қош келдің!” дегендей иіліп амандасуда. Қойнымдағы шаңғымды ұстап, көркіңе көзімді тойдыра алмай, тапжылмай тұрып қалдым. Тауларыңнан жанына медеу іздейтін, кіршіксіз ауаңнан тәніне шипа іздейтін қалың жұрт жаз демей, қыс демей неге саған асығатынын түсінгендей болдым. Жаныма жақын тартқан, жүрегімнің төрінен орын алған құтты мекен сен болдың, арайлы Алматы!

3-серия -Дана апа,жүрші,мультик қарайық. -Қазыр барамын, күте тұр. -Туу, жүрші,жүрші. Қызық болып жатыр. Айпадыма үңілген мені қолымнан жетектеп, төргі бөлмеге апарды. Жайғасып, жайланып отырып, көгілдір экранға телміріп отырып қалғанымды өзім де аңғармай қалдым. Көз қырымды салып қарасам, бал-бұл жанған жүзінен, күлімдеген күлкісінен, қараған көзқарасынан өзімді айнадан көргендей болдым. Біраздан соң қойнына бар тәттісін жинап, атасы қасымызға келді. Ұнататын кәмпиттерін көргенде балғын балақай да қуанып, мәз болды. Өз басым ата қолы созынған дәмді алып көрмеген соң соңымнан ерген сіңіліме қызыға да, қызғана да қарадым. "Ата мейірімін сезінген сен қандай бақыттысың"- деп терең ойға бата бергенім сол еді, ас бөлмеден "Шайға келіңіздер!"-деген жағымды дауыс естілді. Қолынан келген бар дәмдіні дайындаған, жүзі мейіріммен жарқыраған жеңгем ұсынған шайды қолыма алдым. "Жей ғой, қызым,тойып ал" деп мейірбан әже жылы жүзбен күлімдеуде. "Түскі астан соң машинамен апарып салармын" деп қамқор аға алаңдауда. Үзілгелі тұрған туыстықтық нәзік жібін шешілместей байладың сен, Алматы!

- Сонымен, қайда жол тарттық? - Қаскелеңге. -Кеттік ендеше!

Қарбаласы көп қала өмірінен алысты мекен еткен, Қаскелеңнің еркелігіне бөленген алпауыттай үлкен ғимаратты көргенде көз алдыма құтты мекенім, алтын ордам, сары күмбезді өз патшалығым келді. Көкшіл тартқан ғимаратта үлкен әріптермен тайға таңба басқандай "Suleyman Demirel University" деген жазуды көріп, сары алтынмен маржандай тізіліп жазылған "Nazarbayev University" деген таныс есім есіме түсті. Кіре сала әп-әдемі, жанға жайлы, қуана қарсы алған, иісі мұрын жаратын кантинді көргенде,айди карточкамен милпланға, столовканың үшінші қабатына асыққан кездерім есіме түсті. Әрі қарай адымдай жүріп, Алатаудың тауларындай мұнартқан үлкен-үлкен бочка-лекционкаларды көргенде, жасыл-қоңыр тартқан, балконында демді басар, үйренген 6шы блогым-инженерлік үйім есіме түсті. Ұзыннан созылған қызыл хол бойымен асықпай жүріп, жан-жағымдағы айнала қоршаған кабинеттерге қарап, бұл холдан екі есе ұзын болатын атриумды жағалап, сабаққа асыққан кездерім есіме түсті. Керемет ғимараттың кереметтілігіне қарап шаршаған мен, тізіліп тұрған скамейкалардың біреуіне отыра кеткенде, сылдырлап аққан өз фонтанымның дауысы есіме түсті. Басымды көтеріп, аспанға қарағанда ғана естеліктерім мен қазыргім тең екенін аңғардым.(Себебі екі универдің де төбесі әйнектен жасалған.) Бұл теңдік ненің артық ненің кем екенін емес, ненің жақын ненің жат екенін көрсеткенімен бұлттсыз көгілдір аспанымыз ортақ дегендей сыбырлады. Қолда бар алтынның қадірін бағалауды үйреткен ұстаз сен болдың,Алматы!

4-серия

-Дан,қайдасың? -Міне,міне келдім. Кіріп келе жатырмын. Жаңа жылға дайындықты ертелеп бастап кеткен адамдарға лық толы үлкен кешенде мен оларды бірден таныдым. Үлкенді-кішілі болып, маған қарап жымиып, қол бұлғауда. Екі жыл бойы көрмеген сағынышымды басайын деп, оларға қарай ұмтыла бердім. Құшақтасып, көрісіп болғанымыз сол еді, екеуінің біреуі - Еее,чмо! Бойың дым өспепті ғой! - дегені көңілге мұң түсіргенімен, жүрекке таныс жылулық әкелді. Екі жыл бойы шатыры бір интернат астында тұрып, тамағы бір қазаннан ас бөлісіп жүрген кездерімде олқы қылықтарына ренжімеген мені осы "жылы" сөздерге де ренжімейтінімді біліп, одан әрі қаттырақ құшақтады. Біраз жылдар бойы ара-қашықтықтың тұсауында болған достықтың ақ кептерін сағыныштан босаттың сен, Алматы!

Жиналып қалған барлық әңгімені, көрген білгенді бөлісе жүріп, зымырап кеткен 2 сағаттың қадірін түсініп үлгермедім. Есесіне, табалдырығын күнде келіп тоздыратын, үйреншікті жылтыр киіммен көзді жалықтыратын, сапасы аз гамбургермен қарынды тойдыратын "Меганың" қадірін екі еселеп түсіндім. Ағыны өзгермеген, қарбаласы азаймаған, жаңа серпілісі болмаған кешенде алтын уақытымның зая өтіп жатқанын түсіндім. -Қыздар, музейге барғыларын келмей ма? -Ооо)Музей?Прикольно)Барсақ барайық.

Жексенбінің жылысында музей есігін қағып кірген студенттерді көріп, таң қалған кассир қолымызғы 3 билетті ұстатты. Ұстатылған 3 билет екінші этаждығы темір есікті ғана ашып қоймай, үшеуіміздің жүрегіміздегі көркем өнерге деген құлшынысты қоса ашты. Тізіліп тұрған ақ-қара картинкалар жұмбағы көп тарихты шұбатылған сөзсіз түсінуді үйретті. ( Ә.Қастеев - Амангелді батыр). Сыры көп, бейнесі аз туынды адам басына түскен қайғы-қасіреттің шерін мамыражай үнсіз тыңдауды үйретті. (Ғ. Ахметов - Отыз екі жыл ашаршылық). Түрлі түстерге малынған, мазмұнды, мағынамен салынған бейне қуаныш пен шаттықты, бақыт пен байлықты очкисіз-линзасыз көруді үйретті. ( Қ.Зәкіров - Дастархан). Шын жүректен, әсем ойдан жаратылған, нақышына келтіріп салынған әр сурет артық қимылсыз, еш дыбыссыз, арам ойсыз тамашаланғанымен, жүрекпен қимылдауға, жүрекпен тыңдауға, жүрекпен ойлауға болатынын ұғындыра үйретті. Мені бойға тағылым,ойға ақыл қосар көркем өнердің жар етер жаршысына айналдырған сен болдың, Алматы!

Құрметті жолаушылар! Нөмері 61 Алматы-Ақтюбе пойызына отырғызу басталды! -Қалшы, Дана апа! Қайда кетіп бара жатсың?Мен сені сағынамын ғой! -Жаным сол ! Мен де сені сағынамын. Жалғыз сені емес.

Қанша от жағылса да, сенікіне жетпейтін жылулықты сағынамын. Аспанмен таласқан, міз бақпайтын тауыңды сағынамын. Кіршіксіз таза, судай мөлдір, ластанбайтын ауаңды сағынамын. Сүттей ақ, мақтадай жұмсақ қатпайтын қарыңды сағынамын.Құшағын жая қарсы алған, жылы шырай танытқан туыстарыммен өткізген күндерді сағынамын. Көп көрмеген, сағынып сарғайған жақын достарыммен өткізген сәттерді сағынамын. Құшағыңда еркелеп өткізген, қайталанып келмейтін 4 күнді сағынамын. Сені сағынамын, Алматы. Қол бұлғап, қоштаспаймын. Керісінше, жыр арнап, өзіңді ұмытпаймын, қарт қала! Кездескенше, арайлы АЛМАТЫ! P.S Бойыма шабыт қондырған, қолыма қалам алдырған, керемет құлшыныс иесі сен болдың, Алматы! Сол үшін саған мың да бір алғыс!

1
0
788

Осы тақырып бойынша

сәтті сапар - Yvision.kz