Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Сәтті сапар:2 серия/ lil trip to Almaty: volume 2

- Мінекі билеттеріңіз! Уақыт терминалдан алғаш рет карточкамен өткеннен бастап есептеледі. Мына жолмен солға, сонаң соң тіке жүресіз. Сәттілік! Тау бөктерінде жақсылап демалыңыз!
Бағдаршамдай бағыт берер кассирдің сөзін ұмытып қалмайын деп ішімнен қайталап келемін. Солға, сонаң соң тіке. Солға, тіке....Жеттім! Алатаудың төбесіне шықпағанымен төскейіне жеттім. Ендігі міндет жоғарығы көтерілу еді. Сужүрек қояндай қорқып, кабинаға кірдім де, темір ұстағышты қаттылап қысып, отырдым да қалдым. Әр метрге көтерілген сайын жүрегім лүпілдеп, қаным лыпылдап, денем дуылдап кетті. Тарс жұмылған көздерім межеленген жерге жеткеннен кейін ғана бір-ақ ашылды.... Биіктмін мен! 15метр биіктемін. Күндегі күйбең тірліктен, бітпейтін барлық еңбектен биіктемін. Осы бір биіктен сен қандай керемет едің, әсем қала!
Қарт атадай ақ бас тауларың көк аспанмен таласқандай көктен күлімдейді. Жасыл желек шыршаларың елт еткен дауысқа басын бұғып, елеңдейді. Судай мөлдір, кіршіксіз пәк таза ауаң деміме дем қосып, жұдырықтай жүрегім лүпілдейді. Мамықтай жұмсақ, сүттей ақ, үлпілдеген қарды алақаныма алып, сезінген екі қолым еріксіз дірілдейді. 
Қараса көз тоймайтын сұлулығыңды айфонның панорамасындай сақтайын деп, бір орында тұрып, басыммен ептеп қозғалтып, айналаға көз жүгірттім. Арланған асу тауларың міз бақпаған күйінде тұрса, маржандай тізілген тал-теректерің “Қош келдің!” дегендей иіліп амандасуда. 
Қойнымдағы шаңғымды ұстап, көркіңе көзімді тойдыра алмай, тапжылмай тұрып қалдым. Тауларыңнан жанына медеу іздейтін, кіршіксіз ауаңнан тәніне шипа іздейтін қалың жұрт жаз демей, қыс демей неге саған асығатынын түсінгендей болдым. 
Жаныма жақын тартқан, жүрегімнің төрінен орын алған құтты мекен сен болдың, арайлы Алматы!

0
0
367

Осы тақырып бойынша

Сәтті сапар:2 серия/ lil trip to Almaty: volume 2 - Yvision.kz