С.Подобедова, М.Манеза, З.Чиншланло «Чемпиондар штангасын» көтерді
Алматыда зілтемірші жұлдыздарымыздың қатысуымен «Чемпион штангасы» акциясы өтті. Салтанатты шара жақында Алматыда өтетін ауыр атлетикадан әлем чемпионатына қолдау ретінде өткізілді.
«Мега» ойын-сауық орталығында өткен акцияға қала тұрғындары ауыр атлетиканың жұлдыздары Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зүльфия Чиншланло, Азия ойындарының алтын жүлдегері Маргарита Елисеева, күміс жүлдегері Мария Грабовецкая, ҚР ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни қатысты.
Қала тұрғындары мен қонақтары зілтемірші қыздарымыздың өнерін тамашалап, өздері де жұлдызды штангаларды көтеріп көрді.
Келушілер арасында викториналық ойындар ойнатылды. Ауыр атлетика туралы қойылған сұрақтарға дұрыс жауап берген жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар ұсынылды.
«Бізді қолдауға келген көрермендерге үлкен алғысымды білдіремін. Алматылықтар мен қала қонақтары 8-16 қараша арасында өтетін әлем чемпионатында бізге қолдау көрсетулерін сұраймыз», — деді Азия ойындарының алтын жүлдегері Маргарита Елисеева.
«Әлемдік додаларда еліміздің көк байрағын желбіретіп, мерейін тасытып жүрген спортшыларымызбен мақтанамыз. Осындай чемпиондарды тәрбиелеп жатқан бапкерлер құрамына алғысым шексіз. Өскелең жастарымыз осы спортшыларымыздан үлгі алуы керек», — деді Алматы қаласы әкімнің орынбасары Зәуреш Аманжолова.
Олимпиада чемпиондарымен өткен фотосессиядан соң мереке эстрадалық концертке ұласты.
Келушілер «Ringo»,«КешYou», «Fridays» топтарының өнерін тамашалады.

