Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

СҚО қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерді құрметпен еске алды

Іс-шара қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев, ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция бөліністерінің басшылары ерлікпен қаза болған қызметкерлерді 1 минут үнсіздік жариялап құрметпен еске алды. Қылмыспен күресте өмірлері үзілген ІІО сегіз қызметкерінің бейнесі облыстық полиция ведомствосы ғимаратының жанындағы ескерткіште сақталған.

Тәртіп сақшыларын мерекемен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады. «Сіздердің қызметтеріңіз қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін білеміз, сондықтан жұмыстарыңызға, полиция органдарының материалдық және техникалық жабдықталуына ерекше көңіл бөлеміз. Құқық қорғау органдарының қызметі – қоғам тарапынан сенім деңгейін арттырудың басты факторы болып табылады. «Қазақстан Республикасына қызмет етемін» деп ант берген әрбір қызметкер қабылдаған әр шешімі үшін мемлекет, халық алдында жауапты екенін сезінгені маңызды. Полицияның жұмысы алдағы уақытта ең жоғары стандарттарға сай болып, облысымыз еліміздің ең тыныш өңірі болып қала беретініне сенімдімін», - деді өңір басшысы. Облыс әкімі полицейлерді құттықтай отыра, көрсеткен ерліктерімен ерекшеленген полицейлерді - Қанат Фазылов, Юлий Данильченко, Сұлтан Қуанышев, Ерлан Ибраев, Руслан Қыдырмин, Ильдар Джамаладдинов және тағы да басқа есімдерді атап өтті.

Ішкі істер органдарындағы адал қызметі, қызметтік жұмыста жоғары жетістіктері үшін СҚО әкімінің құрмет грамотасымен төрт офицер марапатталды. Оның ішінде қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Әлібек Ғабдуллин, М. Жұмабаев ауданы ПБ бастығының бірінші орынбасары Эльдар Нұрғалиев, Мамлют ауданы ПБ бастығының орынбасары Данияр Әбілев, аға тергеуші Мұрат Қамбаров бар. Дәл осындай марапатқа полиция сержанты Әлмұхаммед Мақсұтов та ие болды.

Екі офицерге мерзімінен бұрын «полиция полковнигі» атағы берілді. Полиция подполковнигі Қуаныш Жұмағұлов қызметті 20 жылдан астам атқарып келеді. Қызметінің басым бөлігін жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнаған. Полиция подполковнигі Руслан Хамзин анықтауда қызмет еткен, қазіргі уақытта Ақпараттық-аналитикалық орталығы бастығының орынбасары. Жалпы мерекелік бұйрықпен 100-ден астам солтүстікқазақстандық полицей марапатталды.

Полиция қызметінің ардагерлеріне ерекше алғыс айтылды. Іс-шара СҚО Полиция департаментінің вокалдық тобының мерекелік концертімен аяқталды. Полицейлердің күнделікті қызметі туралы шырқалған «102» әні залдағы көрермендерді бейжай қалдырмады. Айта кетейік, «102» пультіне күнде орташа есеппен 100-ге тарта шақырту келіп түседі.

СҚО ПД баспасөз қызметі

0
0
473

Осы тақырып бойынша