Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

СҚО ПД мұрағатында Жезқазған қаласының тұрғыны қуғын-сүргінге ұшыраған атасының жазбаларымен танысты

Шолпан Исатаеваның әкесі Әбіш Ғаббасұлы 17 жасында майданға аттанып бара жатып соғыстан оралмайтынын айтқан, себебі оған «халық жауының баласы» атағымен өмір сүру қиын болған. Үш рет ауыр жарақат алса да, өлім аузынан аман қалды. Әкесіне тағылған әділетсіз айыптың кесірінен Әбіштің ұрыстағы ерлігі, жұмыстағы жетістіктері тиісті бағаланбады.

Шолпан Исатаева атасының адал есіміне түскен дақты өшірмекші. Туған Жезқазған қаласында атасының тағдыры туралы ешқандай мәлімет таба алмағандықтан, СҚО полициясына жүгініп, қажетті ақпаратқа қол жеткізді.

Сарғайған беттерді парақтап отырып, көзіне жас алды. Шолпан Әбішқызы алғаш рет атасының жазуын көрді. 1938 жылы 3 ақпанда қозғалып, 12-ші ақпанда жабылған қылмыстық іс материалында атасы жазған бірнеше бет бар. Ауыл мүғалімі, партияның мүшесі болған атасының тағдырына шыққан тегі кері әсер етті, ол байлардың ұрпағы еді.

«Атамды үш адаммен бірге атыпты, - деді Шолпан Исатаева. – Ендігі арманым – атылған жерін тауып, дұға оқу. Сонда жаным тынышталады....».

«Мұрағаттық анықтамаларды және құжаттардың көшірмелерін беру – мұрағат көрсететін қызметтерге жатады, - дейді СҚО ПД Ақпараттық-аналитикалық орталығының бастығы полиция полковнигі Самал Құсайынова. – Тек туыстықты растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы электронды түрде жүгіну мүмкіндігі де қарастырылған».

СҚО ПД баспасөз қызметі

0
0
410

Осы тақырып бойынша

СҚО ПД мұрағатында Жезқазған қаласының тұрғыны қуғын-сүргінге ұшыраған атасының жазбаларымен танысты - Yvision.kz