СҚО-да үш күн ішінде бұрын жасалған 16 қылмыс ашылды

Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің Криминалдық полиция басқармасы «Барымта» жедел-алдын алу іс-шарасын қорытындылады. Іс-шара шілденің 23-і мен 25-і аралығында облыстық деңгейде өткізілді. Операцияның басты мақсаты – мал ұрлығының алдын алу.
СҚО ІІД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы полиция подполковнигі Қанат Қасеновтың мәліметінше, «Барымта» іс-шарасына облыс полициясының 430-дан астам қызметкері тартылған. Сонымен қатар, іс-шараға СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары да қатысқан. Операцияның үш күні ішінде облыс орталығында 7 базар, 52 бірлік автокөлік тексерілді. Операция барысында облыс аудандарында да рейдтер өткізілді. Әкімшілік полицияның 381, криминалдық полицияның 51 қызметкерінен 38 ұтқыр топ құрылды. Автомобиль жолдарында бекеттер қойылып, көліктер тексерісі жүргізілді.
«Барымта» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілген кезде облыста 2 мал ұрлау фактісі тіркеліп, оның біреуі тәуліктік кезекшілікте ашылған. Бұдан басқа, бұрын жасалған 16 қылмыс ашылды, оның үшеуі мал ұрлау фактісі бойынша. Мал сататын және сатылып алынатын 19 орын, ет өнімдерін сататын 36 орын тексерілді. Мал ұрлығымен айналысатын 5 тұлға есепке қойылды. Бұрын сотталған 52 адамның мал ұрлығына қатыстылығына тексеру жүргізілді. Мал және ет өнімдерін тасымалдауға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 7 хаттама толтырылды.
Үстіміздегі жылдың алты айы ішінде облыс аумағында 71 мал ұрлау фактісі тіркелді. Олардың көбі малдардың еркін жайылымда жүрген кезінде жасалған. 56 мал ұрлау фактісі бойынша тергеу аяқталып, сотқа жөнелтілді.
СҚО ІІД баспасөз қызметі
http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN
