Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Сұлулық әлемді құтқарады

ХІХ ғасырда орыс жазушысы әрі ойшылы Ф.Достоевский «Идиот» (нақұрыс) романында 18 жасар кейіпкерінің атынан «Әлемді құтқаратын – сұлулық» деген болатын. Түпнұсқада «Мир спасет красота» делінген. Бірақ біздің қазақ тілінде «сұлулық» пен «әдемілік» синоним болса да, екі түрлі мәнге ие. «Әдемі гүлге» «сұлу гүл» деп атау таға алмаймыз ғой. Қыздың келбетін сипаттағанда да бұл екі сөз екі түрлі мағына береді екен. Әдемілік – барлық қыздың бойынан табылатын қасиет. Ал «сұлу қыз» дегенде, әдебиеттегі «хас сұлу» деген тіркестегідей көркіне сөз жетпейтін сұлулықты айтады.

Бұл ретте сұлулықтың әлемді неден құтқаратыны туралы ой еріксіз санаңа оралады. Бұл тіркестер есте тез сақталады әрі жағымды естіледі. Мүмкін содан болар, оның түпкі мағынасына үңіліп жатқан адам көп емес.

Алдымен, «сұлулық» деп біз нені атаймыз? Бұл үшін көз алдыңызға әдемі суретті елестетіңіз. Біреу гүлді елестетеді, екіншісі күннің батысын елестетеді, енді бірі сұлу қызды көреді. Яғни, әркімнің талғамы да, түсінігі де түрліше. Дегенмен, неліктен дәл осындай образдар біз үшін әдемі немесе сұлулық?

Мәселен, жануарлар туралы айтсақ, кішкентай мысықтарды сүйкімді деп танимыз да, ал тарақандарды көргенде жиіркеніш сезімі мен «басып өлтіру» деген ойда боламыз? Қалай болғанда да, екеуі де теңдей Құдай жаратылысы. Сонда да біз әдемісін, сүйкімдісін таңдаймыз.

Заманауи көзқараспен қарағанда, сұлулық – жеке тұлғаның ішкі гармониялық сезімдері. Ал Достоевскийдің «Красота спасет мир» сөзі қалай түсініледі екен, соны көрейік. Ғаламтордан іздесек, бес жүз алпыс мыңнан астам материал шығады. Алайда бұл тіркес мынадай категорияларда да қайталанады: «Шейпинг және сымбат», «Спорт», «Сұлулық байқаулары», «Танысу», тағы да басқа қатысы жоқ рубрикалар қатарында да жүреді. Осы орайда тағы бір орыс жазушыларының бірі Л.Толстойдың мына сөздері сұлулықты басқа түсінікте көрсетеді: «Мейірімділік – біздің өміріміздің ең жоғарғы және мәңгілік мақсаты. Мейірімділікті қалай түсінсек те, өміріміз соған ұмтылу, құдайға ұмтылудан тұрады. Ал сұлулық болса, бізге ұнайтын дүние. Сұлулық түсінігі мейірімділікпен ұқсамақ түгіл, оған қарама-қарсы тұрады. Себебі мейірімділік көбіне құштарлықтарымызды жеңу болса, сұлулық керісінше сол құштарлықтарымыздың негізі болып табылады». Егер сұлулық – пішін мен сыртқы гармонияда болса, мейірімділік – қарым-қатынас пен ішкі гармонияда.

Шетелдік психологтардың айтуына сенсек, физикалық тұрғыдан сұлу болатын адамдар басқаларға қарағанда ұзағырақ өмір сұретін көрінеді. Және де сұлу адаммен қарым-қатынасқа түскен адам өзіне деген бағасын өсіреді екен. Сұлулық туралы сөзге келгенде адамдар екі топқа бөлінеді: сұлу адамның мінезі де сұлу дейтіндер және керісінше, сұлу адамдар қырсық болады дейді. Осыған байланысты ғалымдар сауалнама жасаған екен. Бір топ адам фотоға түседі. Ал екінші топтағы адамдарға солардың ішінен сұлу деген суреттерді таңдатқан. Нәтиже: таңдалмай қалған сурет қалмаған. Түйін: сұлу емес адам жоқ дегенге саяды.

«Ләйлі-Мәжнүн» оқиғасын естіп, білетіндер көп. Бір адам сол Мәжнүнді есінен айырған қызды көрсетші деп сұрайды да, «мына қыздың несіне ғашық? Қап-қара…» деп таң қалса, қасындағы адам «Сен оған Мәжнүннің көзімен қара» депті.

Бұдан шығатын ой, сұлулық әр адамның көзінде әр түрлі көрінеді.

«Сұлулық» сөзі мен «әйел» үнемі қатар жүретін ұғымдар секілді. Әлем халқының 75 пайызы сұлулықты әйел затымен байланыстырады.  «Ең сұлу әйел – аяғы ауыр әйел» деген сөзді жиі есітеміз.

Түптеп ойлап келсек, әр адамзат баласы үшін сұлулықтың ең үлкен белгісі – туған анасы. Ол –  бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербететін жан. Аналар барда әлем мейірімнен айырылмайды. Әйелдің шынайы сұлулығы – иман нұрына бөленген ішкі дүниесімен отбасын мейірімге бөлей білуі. Осы әлемді сақтап қалатын сұлулық әйел затының осы бір қарапайым әрекетінде ғана болса керек…

 
0
0
14318

Осы тақырып бойынша