ru
Мемлекет
Мемлекет
2 220 жазбалар14 тіркелуші
0

С. Ли: Бір жеке сот орындаушысы республиканың 13 мың тұрғынына қызмет көрсетеді

Қазіргі таңда жеке сот орындаушыларының портфелінде 1 млн 560 мың орындалуы қажет құжат бар, оның ішінде 60 мыңы әлеуметтік маңызды санат бойынша алиментті төлету және еңбекақы қарызын өтеуге бағытталған құжаттар. Бұл туралы Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының басқарма төрағасы Сергей Ли Астанада жеке сот орындаушыларының мәселесіне қатысты өткен халықаралық конференция барысында айтты.

«Мемлекет басшысы  «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол»  мақаласында  сот жүйесі реформасының аясында  бірқатар институционалдық шешімдер жұмыс істейтінін айтты, оның бірі жеке сот орындаушыларының институтын дамыту болып табылады. Аталмыш институт  2010 жылы  «Атқарушы өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заң  бойынша енді. Алғашқы жеке сот орындаушылары мен  өңірлік және республикалық ұжымдар  өз жұмыстарын 2011 жылдың қыркүйегінде бастаған болатын. Сондықтан қызметке 5 жыл толып отыр», - деді С. Ли.

Ол айтып өткендей, өткен жылы Қазақстан Парламенті  жеке сот орындаушылық жүйені кеңейтетін  заң қабылдады.

«2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап  ЖСО құзырына   орындаушы құжаттардың барлық санаты тапсырылды, тек мемлекетке 1000 АЕК көрсеткішінде түсім салатын істер мен баспана, жер теліміне  қатысты мәселелер берілмейтін болды. Қазіргі таңда  жеке сот орындаушыларының  портфелінде 1 млн 560 мың орындалуы қажет құжат бар, оның ішінде 60 мыңы әлеуметтік маңызды санат бойынша алиментті төлету  және  еңбекақы  қарызын өтеуге бағытталған құжаттар», - деді С. Ли.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Республикалық палата  Әділет министрлігімен бірігіп  ЖСО санын көтеру бойынша  шаралар қабылдап,  облыс аудандарын қызметпен қамту мәселесі қарады.

«Палата ірі қалаларда олардың санының көбеюі институт жұмысына кері әсер етуі де мүмкін деп есептейді. Себебі, қазірдің өзінде бірқатар аудандарда мамандардың біліктілігіне әсер етіп отыр», - деді ол.

Орташа есеппен алғанда бір сот орындаушысы 13 мың тұрғынға қызмет етеді.

Айта кетейік,  Ұлт жоспарының 27 қадамы аясында  жеке сот орындаушыларының институтын одан әрі дамытып,  сот орындаушы мемлекеттік қызметін кезеңмен қысқарту қарастырылған.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz