С. Емельянов Канадада өткен ескек есуден әлем чемпионатында жеңіске жетті
Қазақстандық каноэші Сергей Емельянов Канада елінде ескек есуден әлем чемпионатында мәре сызығын бірінші болып кесті, деп хабарлайды «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметі.
«1-4 тамыз аралығында канадалық Вейланд қаласында 23 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионаты өткен. Бұл аталмыш жас санатындағы тұңғыш рет өткізіліп отырған әлем чемпионаты. Каноэ-бірлікте Сергей Емельянов 1000 метрге есуден венгерлік спортшы Кристоф Каут пен украиндық ескекші Павло Алтуховты басып озып, 3:55 уақыт көрсеткішімен бірінші болып жетті. 200 метрге есуде қазақстандық каноэші венгерлік спортшы Джонатан Хайдтен бірнеше милисекунд артта қалып қойды (00:00:00:120)»,- деп жазылған хабарламада.
Барлығы Қазақстанның атынан 12 спортшы қатысты. Сонымен қатар, жарыс нәтижесі бойынша Сергей Емельянов пен Екатерина Кальтенбергер (1998 ж.) 2014 жылы өтетін Жасөспірімдер Олимпиадасы ойындарына қатысуға жолдама иеленді.

