С дәрумені жайлы не білесіз?
Салауатты өмір салты жайлы естігенде, алдымен спортпен шұғылдану, уақытылы ұйықтау және дұрыс тамақтану шаралары туралы сөз қозғалады. Алайда адам ағзасына орасан зор пайдасы бар дәрумендер туралы нақты ақпарат көп айтыла бермейді. Сол себепті алғаш жазып отырған блогымда С дәруменнің пайдасы туралы жазуды ұйғардым.
С дәрумені (аскорбин қышқылы) – суда еритін және адам ағзасында жүретін тотығу-тотықсыздану процестерін реттейтін дәрумен. Аталмыш дәрумен итмұрын, қарақат, цитрус жемістері және тұздалған орамжапырақ құрамында көп кездеседі. Адам ағзасына қажетті тәуліктік мөлшері 60-100мг.
Бұл ақпаратты бұрын естіген боларсыз, алайда С дәруменінің адам ағзасына не үшін қажет екенін білесіз бе?
1. Анемия ауруына шалдыққан адамның бірден-бір көмекшісі.
Анемий ауруы темір жетіспеушілігінен болған жағдайда дәрігер міндетті түрде науқасқа темір қоспасы бар тағамдарды және арнайы дәрілерді ұсынады. Мұндай жағдайда С дәруменін қабылдаған жөн, себебі бұл дәрумен темірдің адам ағзасына сіңуін жақсартып, оның жанама әсерін азайтады.
2. Коллаген және адам терісінің саулығы
С дәрумені коллагеннің түзілуін қамтамасыз етеді. Коллаген адам терісінің негізгі компонеті болғандықтан, С дәруменінің тапшылығы адам терісінің патологиясына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар 2018 жылы «Skin Care Center» ұйымы жүргізген зерттеулер бойынша С дәрумені мен коллаген ақуызын дәрілік қаптамада қабылдаған адамдар 12 аптаның ішінде тері патологиясынан айықты.
3. Есте сақтау қабілетін жақсартады
Калифорния Университетінің професоры әрі ғалымы Дейл Бредесеннің жүргізген сараптамасында С дәрумені есте сақтау қабілетін одан әрі жақсартады деген тұжырымға келді. Оның зерттеуі бойынша С дәрумені нейромедиаторлардың жұмыс істеуін жақсартады, нәтижесінде адамның жадысы да дами түседі.
4. Сепсис ауруын тежейді
Сепсис өкпеде, зәр шығару жолдарында немесе терідегі инфекциядан туындап, қанда тарайтын ауру. 2017 жылы «Дүниежүзілік денсаулық сақтау» ұйымы жүргізген зерттеу бойынша стероидтармен бірге қабылданған С дәрумені сепсиске шалдыққан адамдарда ағзаның улануын тежейді.
С дәрумені тағамдарда салыстырмалы түрде аз мөлшерде болса да, адам ағзасына тигізер пайдасы өте көп. Егер де салауатты өмір салтын толығымен ұстанғыңыз келсе, тағамның құрамындағы биологиялық заттарға мән беріп, оның күнделікті нормасын міндетті түрде қабылдаңыз.
